Павлодарда жарты ғасырлық мектептің келбеті түбегейлі өзгерді
Жөндеу жұмыстары мәреге жақындап қалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысындағы Б. Хайдаров атындағы жалпы орта білім беру мектебінде «Заманауи мектеп» жобасы аясындағы күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. 1975 жылы салынған білім ордасы жаңғыртудан кейін 169 оқушыны заманауи жағдайда қабылдайды.
Күрделі жөндеуді «NAMYSSTROY» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Жоба құны – 523,5 миллион теңге. Алты айға жоспарланған жұмыстар 10 тамызда толық аяқталады.
Жаңғырту барысында ғимараттың қасбеті толық жаңартылып, оқу кабинеттері мен өзге де бөлмелердің төбесі, қабырғасы және едені жөнделуде. Ішкі есіктер, баспалдақ қоршаулары мен жабындары ауыстырылып, терезе беткейлері мен тақтайлары жаңартылуда. Кіреберіс бөлігінің терезелері мен қоршаулары ішінара жаңаланып, электр, жарықтандыру, су құбыры, кәріз және жылыту жүйелері заманауи талаптарға сай қайта орнатылады.

Мектептің жобалық қуаттылығы – 460 оқушы. 2025–2026 оқу жылында 11-сыныпты сегіз түлек аяқтаса, жаңа оқу жылында бірінші сыныпқа 21 бала қабылданды. Ал биыл мектеппен 12 түлек қоштасады.
– Ғимаратты күрделі жөндеуден өткізу және оқу кабинеттерін жаңа жиһазбен жабдықтау – оқушылар мен педагогтерге қауіпсіз, қолайлы әрі заманауи орта қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам. Жаңартылған білім ордасында сапалы білім алып, жан-жақты дамуға барлық жағдай жасалады, – деді мектеп директоры Қымбат Бекбаулова.
Оқу орнының шәкірттері білім, ғылым, шығармашылық және спорт бағыттарында тұрақты жетістіктерге жетіп келеді. Мәселен, Айдабол Қара жаратылыстану пәнінен республикалық олимпиадада екінші дәрежелі диплом иеленсе, Әли Көшербай математикадан облыстық кезеңнің жүлдегері атанды. Жаннұр Сайлау, Лаура Мейрам, Еркежан Кәукен, Іңкәр Бүркітбай, Ажар Болатова, Айсәуле Имаш және Ахмад Мылтықбай да аудандық және облыстық олимпиадаларда жүлдеге ие болды.

Ғылыми жобаларда Кәусар Зинат «Зерде» байқауында жеңімпаз атанса, Ақнұр Айтмұрат пен Сәуле Мейрам «Менің кіші Отаным» байқауында үздіктер қатарынан көрінді. Мирас Даулетбай мен Айбота Рахметолла «Жас кемеңгер» облыстық олимпиадасының жүлдегерлері атанды.
Әдеби-шығармашылық байқауларда Нұрислам Зиянша «Фариза оқуларында» бірінші орын алса, Еркежан Кәукен «Әбіш оқулары» мен «Мәшһүр Жүсіп оқуларында», Наргиз Санақ «Ілияс оқуларында» бірінші дәрежелі дипломға ие болды. Болатбек Алдамжар, Ерасыл Баяш, Алтынай Серік және Аяулым Марғұланқызы республикалық «Мақатаев оқуларының» бірінші дәрежелі дипломымен марапатталды.

Мектепалды даярлық тобы аудандық «Бүлдіршін» фестивалінде Бас жүлдені жеңіп алып, облыстық кезеңде екінші дәрежелі диплом иеленді.
Спортта да жетістіктер аз емес. 5–6 және 7–8-сынып оқушылары командалық шахматтан екінші орын алса, үстел теннисінен аудандық және облыстық гимназиадада үздік үштікке енді. Айдабол Қара Отан қорғаушылар күніне арналған шахмат турнирінде жеңімпаз атанып, облыстық спартакиадада 5–6-сынып қыздар командасы жеңіл атлетикадан үшінші орынға ие болды.
Қазіргі уақытта кабинеттер жаңа жиһаздармен толық жабдықталуда. Бұл жұмыстар оқушылар мен ұстаздарға қауіпсіз, жарық әрі жайлы білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған.