Ақсу әкімі кәріз коллекторы мен жылу желілерін жаңғырту жұмыстарын тексерді

Ақсу әкімі кәріз коллекторы мен жылу желілерін жаңғырту жұмыстарын тексерді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Қала басшысы инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстарының барысымен танысып, мердігерлерге бірқатар тапсырма берді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Алдымен қала басшысы Әуезов және Дөнентаев көшелерінің қиылысында орналасқан кәріз коллекторын жаңғырту учаскесінде болды. Мердігер ұйым өкілдері жобаның орындалу барысы мен алдағы жоспарлар туралы баяндады.

Мамандардың айтуынша, бұл учаскеде әбден тозған кәріз желісі ауыстырылып жатыр. Жаңа құбырлардың диаметрі ұлғайтылып, қайта көму және топырақты нығыздау жұмыстары белгіленген талаптарға сай жүргізіледі.

Кейін әкім Ленин көшесі, 55/1 мекенжайындағы жылу желілерін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатқан нысанға барды. Онда жауапты бөлім мамандарымен бірге құрылыс қарқыны, туындаған мәселелер және жұмысты аяқтау мерзімдері талқыланды.

Ануарбек Аманов инженерлік желілерді жаңғырту тұрғындарды сапалы коммуналдық қызметпен қамтамасыз ету үшін маңызды екенін атап өтті.

Оның айтуынша, барлық жұмыстар тұрақты бақылауда болады.