Павлодар облысында скарлатинамен ауырған науқастар саны азайды
Өткен жылмен салыстырғанда 22,3 пайызға азайған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, биыл скарлатина ауруы бойынша 119 жағдай тіркелді, оның ішінде 118 бала және 1 жасөспірім.
– Бүгінде скарлатинамен сырқаттанушылық бойынша тұрақты эпидемиологиялық жағдай байқалады. Былтыр облыста скарлатина ауруының 156 жағдай тіркелген еді. Оның ішінде 154 бала, 2 жасөспірім. Науқастардың саны өткен жылмен салыстырғанда 22,3%-ға азайды, – делінген хабарламада.
Көбінесе скарлатина ауруымен үш пен он жас аралығындағы балалардың жұқтыру ықтималдығы жоғары. Ақ халаттылар мұны балалардың иммундық жүйесі әлсіздігімен және инфекция көп тарайтын жерлерде жүруімен байланыстырып отыр.
Бұл ауруға қарсы вакциналар жоқ. Сондықтан, эпидемиологтар аурудың тасымалдаушысымен байланыстан аулақ болуды, баланың иммундық жүйесін нығайтуды және жеке гигиена ережелерін сақтауды ұсынады.
Егер отбасында скарлатинамен ауыратын бала болса, оны бөлек бөлмеге ауыстыру керек. Сондай-ақ, науқасқа отбасының бір мүшесі ғана күтім жасауы керек, басқа адамдармен қарым-қатынасты барынша азайтқан жөн. Пациент бөлек ыдыстар мен жеке гигиена құралдарын пайдалануы керек. Науқас баланың ойнаған ойыншықтарына келетін болсақ, оларды дезинфекциялық ерітіндімен мұқият жуып, сумен шайған дұрыс.
Айта кетейік, скарлатина – бұл негізінен балаларда көп кездесетін жұқпалы аурудың түрі. Бұл дерт ауыр интоксикация және денсаулықтың нашарлауы (бас ауруы, қызба, әлсіздік), тонзиллит (бадамша безінің қабынуы), ұсақ бөртпе сияқты патологиялық белгілермен сипатталады. Статистика бойынша скарлатина дертімен ауырғандардың 1 - 1,5 пайызы ауруды қайтадан жұқтыруы мүмкін.