Павлодар облысының әкімі дәрігерлер алдында иілді

Аймақ басшысы Асайын Байханов облыстың үздік дәрігерлерін құттықтап, марапаттады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Салтанатты шара Естай атындағы мәдениет сарайында өтті. Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов дәрігерлердің жанқиярлық еңбегі мен мамандығына адалдығы үшін алғысын білдірді. Аймақ басшысы құрмет белгісі ретінде дәрігерлерге иіліп, тағзым етті.
– Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Бұл қамқор, жауапкершілігі жоғары, білікті мамандардың мерекесі. Өңірімізде жыл сайын медициналық қызметтердің қолжетімділігі кеңейіп, емдеу тәсілдері жетілдіріліп, аурудың алдын алуға көңіл бөлінуде. Медициналық мекемелерді жаңғыртуға, оларды жаңа, заманауи құрал-жабдықтармен жабдықтауға тырысып жатырмыз, бұл ауруларды нақты анықтап, тиімді емдеуге мүмкіндік береді, – деді облыс әкімі.
Мәселен, биыл облыстың инфрақұрылымын жаңартуға 7,5 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінеді. 30 ауылдың медициналық нысандары жаңартылды, биыл санитарлық автокөлікті жаңарту деңгейі 100 процентке жетеді.
Бұдан кейін Асайн Байханов денсаулық сақтау саласының үздік өкілдеріне түрлі марапаттарды табыс етті. «Павлодар облысы алтын скальпелі» номинациясы бойынша Павлодар қаласының №1 қалалық ауруханасының травматолог дәрігері Руслан Сыздықов жеңімпаз атанды.
– Бірінші қалалық ауруханада институт бітіргеннен бері 30 жыл жұмыс істеп келемін, – дейді дәрігер. - Осы уақыт ішінде біз өз жұмысымызда көп нәрсені жүзеге асырдық. Ұжым мен ұстаздарға қолдау көрсеткендері үшін көп рахмет. Мен саналы түрде дәрігер мамандығын таңдадым, таңдағаныма бір сәт өкінген жоқпын.
«Павлодар облысының алтын фонендоскопы» Павлодар облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөлімінің меңгерушісі Қуат Арғыновқа тапсырылды. Ол бұл марапатты көптен бері армандағанын, биыл жеңіп алғанына қуанышты екенін мойындады.
«Павлодар облысының өмір сыйлайтын алтын алақаны» номинациясы бойынша Ақсу қалалық ауруханасының гинекологиялық бөлімшесінің меңгерушісі Мұрат Текжанов марапатталды.
«Павлодар облысы бойынша алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетудің үздік дәрігері» атағы алғашқы медициналық-санитарлық көмек бөлімінің басшысы Тілектес Усинова берілді. «Медициналық колледждің үздік оқытушысы» номинациясы бойынша Анелия Мапитова жеңіп алса, Құралай Әбдірахманова «Үздік санитарлық-эпидемиологиялық қызмет дәрігері» атанды.
Салтанатты шара мерекелік концертке ұласты. Дәрігерлерге Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияның әртістері және Павлодар қаласының басқа да шығармашылық ұжымдары өнер көрсетті.