Павлодарлық эпидемиолог: Жүкті әйелде йод тапшылығы балаға кері әсер етеді
Теңіз балығын және басқа теңіз өнімдерін аз тұтыну түрлі ауруларды тудырады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы бойынша санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлнар Ақылбекова Instagram желісіндегі ресми парақшасында йод тапшылығы жағдайларының салдары мен алдын алу туралы айтты.
Маман адам күніне 100-200 микрограмм йод тұтынуы керек екенін атап өтті. Аталған элемент денеге енгеннен кейін қалқанша безде жиналады. Бірнеше трансформациядан кейін стероидты гормондардың ажырамас бөлігіне айналып, адамның барлық мүшелеріне және метаболикалық процестердің жылдамдығына әсер етеді.
Йод тапшылығы адам денсаулығына және дамуына зиянды әсер етеді. Әсіресе, бұл элементтің болмауы балалар үшін қауіпті.
– Егер жүкті әйелдің ағзасында йод тапшылығы анықталса, бұл баланың миының, есту, сөйлеу және көру, есте сақтау қабілеттерінің дамуына кері әсер ететіні ғылыми тұрғыдан дәлелденген. Бұл әсіресе жүктіліктің алғашқы үш айында өте қауіпті болуы мүмкін, – дейді Гүлнар Ақылбекова.
Теңіз балығын және басқа теңіз өнімдерін аз тұтыну тапшылықты тудырады. Қандағы йод аз болса, диетаға осы элементпен байытылған тағамдарды енгізу керек.
Қандағы йод деңгейін көтерудің екі қарапайым әдісі бар – йодталған тұз және ашытқы. Тұзға дәмі мен түсін өзгермей, йодид немесе калий йодаты қосылады. Осындай тұз қазір күнделікті өмірде және өндірісте белсенді түрде қолданылады.
Йод препараттары дәрілік заттардың тізіміне енгізілген. Оларды медициналық мекемелер арқылы барлық жүкті әйелдерге тегін алуға болады.