Павлодар облысында тұрғындар саны азайды

Павлодар облысында тұрғындар саны азайды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

2024 жылдың бес айы ішінде өңірден алты мыңнан астам тұрғын көшіп кеткен, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросы Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы Жақан Жәкенов мәлім етті. 

Осы жылдың бірінші жартыжылдығында облыстан 6146 тұрғын көшіп кеткен. Оның ішінде 449 адам басқа елге қоныс аударған. Тұрғындардың басым бөлігі Ресей Федерациясына көшкен. Ал 90 шақты адам Германияға кеткен, – дейді Жақан Жәкенов. 

Қоныс аударған тұрғындардың 5697-сі елдің басқа облыстарына кеткен. Оның ішінде 51 пайызы  –  Астанаға, 140 пайызы  –  Алматыға, қалғандары басқа қалаларға  көшкен. 

– Облыста өткен жылғы халық санағымен салыстырғанда тұрғындардың саны 2061-ге азайған. Жыл басынан мамыр айына дейін облыста  3794 сәби дүниеге келген, – дейді спикер. 

Ал осы уақыт аралығында облысқа көшіп келгендердің саны 4901 адамды құрады. Оның 4196-сы – елдің басқа облыстарынан, 514-і –ТМД елдерінен, 190-ы – басқа елдерден. 

Айта кету керек, биыл 1 маусымдағы жағдай бойынша Павлодар облысы халқының саны 753 482 адамды құрады. Оның ішінде қала халқы – 533 829, ауылдықтар – 219 653 адам.