Павлодарлық құтқарушылар өртке қарсы профилактикалық жұмыстарды күшейтті

Павлодарлық құтқарушылар өртке қарсы профилактикалық жұмыстарды күшейтті
Фото: Константин Шелков

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті жылу беру маусымына дайындық жұмыстарын тамыз айынан бастап жүргізіп келеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Негізгі мақсат – тұрғындардың өмірін қорғау және тұрғын үй секторында өрттердің санын азайту.

22 қазан мен 22 қараша аралығында өңірде өрт қауіпсіздігі айлығы өткізілді. Осы уақыт ішінде департамент пен жергілікті атқарушы органдар, қоғамдық ұйымдар, еріктілер және БАҚ өкілдері бірігіп, тұрғын үйлерді аралау, түсіндірме жұмыстары, нұсқаулықтар мен интерактивтік сабақтар ұйымдастырылды. 

Биыл жылыту маусымына дайындық шеңберінде 50 мыңнан астам үй араланып, профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Өңірде пешпен жылытылатын 80 мыңнан астам үй бар. Тұрғындарға пештер мен электр жүйелерін тексеру бойынша кеңестер берілді.

Балаларды өрт қауіпсіздігіне үйрету де басты назарда болды. Мектептер мен балабақшаларда интерактивтік сабақтар, практикалық жаттығулар өткізілді. Арнайы ескерту парақшалары Брайль қарпімен бейімделіп, мүгедек балаларға арналған сабақтар да ұйымдастырылды.

Департамент тұрғындарды ресми Telegram, Tik Tok және Instagram әлеуметтік желілеріндегі  «112» парақшаларына жазылуға шақырды. Бұл арналарда өрт қауіпсіздігі мен төтенше жағдайлар бойынша барлық маңызды ақпарат жарияланады.

Еске сала кетейік, биыл тұрғын үй секторында 22 өрт тіркелді. Бұл көрсеткіш өткен жылға қарағанда сегіз пайызға төмендеді.