Павлодар облысында шегірткеге қарсы өңделетін аумақтар артты
Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 130 миллион теңгеден астам қаражат бөлінді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы өсімдік шаруашылығын дамыту бөлімінің бас маманы Ерғанат Әубәкір мәлім етті.
– Былтырғы жылға қарағанда өңдеу жұмыстарының аумағы біршама көбейген. Былтыр өңдеу жұмыстары 16 мың гектарды қамтыған еді. Себебі, өңдеу жұмыстары мемлекеттік аумақтарға ғана жасалған. Биыл ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің жерлері толық өңделеді, – деді Ерғанат Әубәкір.
Оның айтуынша, биыл жергілікті бюджеттен саяқ шегірткелерге қарсы өңдеуге 138 миллион теңге қаражат бөлінді. Жалпы өңделетін жердің көлемі 99 мың гектарды құрайды.
Өңдеу жұмыстары 27 мамырда басталады. Ол үшін үш тонна көлемінде химиялық препарат сатып алынған.
Жұмыстар ауа райының қолайсыздығына байланысты кешіктірілген. Бұл жұмыстарды атқаратын мердігерлер анықталды. Шегірткеге қарсы күреске желдеткіші бар 16 бүріккіш және сегіз арнайы қондырғы жұмылдырылады.