Павлодар облысында жануарларға қарсы екпеге қанша қаржы бөлінді
Жыл басынан бері құтырма ауру анықталған 6 жағдай тіркелді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы баспасөз жиынында Павлодар облысының ветеринария басқармасы басшысының м.а. Асылтас Тілеубаев мәлім етті.
- 2022 жылы Ресей Федерациясының Павлодар облысымен шекаралас аймақтарында және Қарағанды облысының Шет ауданында ірі қара малдың аусыл ауруы тіркелгендіктен, жақын маңдағы аумақтарға аса қауіпті инфекцияның таралу қаупі туындады. Осы аурудың алдын алу мақсатында 2022 жылдан бастап облыстың ауыл шаруашылығы жануарларының барлық сезімтал мал басын: ірі қара, ұсақ мал, шошқаны вакцинациялау туралы шешім қабылданды, - деді Асылтас Тілеубаев.
2022 жылы жануарлар арасында ауру анықталған 24 жағдай тіркелген: құтыру (иттер – 2, жабайы етқоректілер – 2), инфекциялық ринотрахеит – 7, вирустық диарея – 4, эмкар ІҚМ – 4, пастереллез – 1, жылқы ринопневмониясы – 2, жылқы тұмауы – 2.
2023 жылы облыста ветеринарлық-профилактикалық шараларға, яғни жануарларды егуге 2,4 млрд теңге бөлінген. Бұл қаржыға 9,7 млн доза вакцина егу көзделген. Оның ішінде 9,5 млн доза жануарлардың 11 аса қауіпті ауруларына қарсы екпелер.
Жыл басынан бері құтыру бойынша 6 жағдай анықталған. Железин ауданында иттерден, Ертіс ауданында 2 бас сиырдан құтырма анықталды.
- Қазір сауықтыру шараларын жасап жатырмыз. Сол жердегі қалған малдарды құтырмаға қарсы егеміз. Жалпы, өңірімізде құтырмаға қарсы мал басы түгел егіледі. Құтырма көбінесе түлкі мен қарсақтардың ауылдарға кіріп, ауыл шаруашылығы жануарларымен байланысқа түсуі арқылы таралады, - деді Асылтас Тілеубаев.
Спикердің айтуынша, құтырма анықталған жануарлар 10 күн ішінде аурудан өзі өледі. Орнына өтемақы төленеді. Материалдар зертханаға жіберіледі.
Ал, бруцеллез ауруы анықталған мал басы 15 күн ішінде сойылып, ет комбинаттарына тапсырылады. Аталған ауру 2022 жылы облыста 1800 ірі қарадан, 127 қойдан анықталған.