Павлодарлық шебер: «Әрбір ою-өрнек бірін-бірі қайталамайды»

Павлодарлық шебер: «Әрбір ою-өрнек бірін-бірі қайталамайды»
Фото: автор

Тілектес Кәкімова 75 жастан асқан аяулы ана, ардақты әже, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қазақтың ою-өрнектерінің тарихы мен түрлерін зерттеп жүрген зейнеткердің қолынан ине мен жіп түспейді. Жұмыс бөлмесінен көздің жауын алатын түрлі-түсті көрпе-жастықтарды, қоржындар мен заманауи үлгіде тігілген сөмкелерді көруге болады. 

Үнемі ізденісте жүретін қолөнерші білімін жетілдіріп отырады, елімізге белгілі этнодизайнерлердің шеберлік сағаттарына қатысады. Тіпті, әлеуметтік желі арқылы төл өнерді дәріптеп келеді. 

– Мен өзім Ақтоғай ауданында көп балалы отбасында дүниеге келгенмін. Тоғыз баланың үлкенімін. Мектеп-интернатта сегізінші сыныпты үздік бітірген соң Павлодарға педагогикалық колледжге оқуға түстім. Бұл менің қалаға бірінші келуім еді. Ондағы мақсатым – Мәскеуге саяхатқа бару, – деп еске алады зейнеткер. 

1967 жылы жас студенттің арманы орындалып, соғыс ардагері, майданда ұшаққа оқ беріп отырған Қантай Елубайқызының жетекшілігімен 20-дан астам қызбен бірге Мәскеуге сапарға аттанып, Третьяковск галереясында, «Останкино» Мәскеу музей-усадьбасында болған.  

Жас маман оқу орнын аяқтап, қолына диплом алған соң Жаңабет ауылына  бастауыш сыныпқа ұстаз болып барып, Атамекен кентіне тұрмысқа шығады. 1988 жылы қазан айында Павлодар қаласында қоныс аударып,  № 29 жалпы орта білім беру мектебіне орналасады және алғашқы ашылған қазақ сыныбына сабақ береді. 

Ата-аналар вахтада отырған әйелге қазақ сыныптарына жазылуға келгенде  «Балалар аз, ашылмайды», деп қоя беріп отырған. Содан олар ағайындары мен достарының балаларын қосып, он жеті баланың құжатын директорға әкеледі де  «міне, балалар бар» деп тапсырған. Балалардың әкелері өздері жүгіріп жүріп, екінші қабаттан кабинеттің ішін жабдықтады. Не керек, бәрін алғызды, – дейді ол.

Осылайша 30 жылдан астам білім саласында еңбек еткен Тілектес Кәкімова 50 жасында отбасындағы жағдайға байланысты ұстаздық қызметінен қол үзіп қалады. Десе де, қос жанарынан айырылған енесін күткен ол бос отырмай, қолөнерге бет бұрып, ою-өрнектердің шығу тарихы мен түрлері жайлы мәліметтерді іздестіре бастайды. Кітап дүкендерінен 1500-ден астам ою-өрнек жинақталған энциклопедия, этнограф Шөптібай Байділдаұлының 3000-нан астам түрі бар «Қазақтың ою-өрнектері», белгілі суретші, дизайнер Ерлан Қожабаевтың кітаптарын сатып алады. 

– Бұл ою-өрнектердің әрқайсысы ерекше, бірін-бірі қайталамайды. Элементтері жануарларға, өсімдіктерге, күн мен айға ұқсайтын оюлары бар. Бастапқыда туыстарымыз бен таныстарымыз тапсырыс беретін. Бірде Хорватиядан қыз алған таныстарымызға көрпеше, Түркияға ұзатылған қызға қоржын тігіп жібердім, – дейді қолөнерші. 

Шебер көбінесе «Өмірағаш» оюын пайдаланатынын айтады. Оның айтуынша,  ең көп таралған ою – қошқармүйізден әйел мен ер, өмір мен өлім, мейірім  мен зұлымдықтың теңдігін көруге болады.  Оюдың басты шарттары: симметрия, тепе-теңдік, дәлме-дәлдік, үйлесім, сәнділік, көзге әсем көріну, көңілге жылы тию. Ал өрнектер  ою заңына бағына бермейді, еркін жүйемен жасалады, симметрия мен тепе-теңдікті сақтамайды. 

– Мысалы «балта» ою-өрнегі «балаға таңба», «балта таңба» дейтін ру таңбаларынан пайда болған. Бұл таңда «Г» немесе «Т» әріптеріне ұқсас. Мұндай ою тас қап,  кесе қап, түскиіз, төсек жапқыш бұйымдарында кездеседі. «Гүл», «Жетігүл» өсімдік текстес  ою-өрнектерді кесте тоқуда, киім-кешектердің жағасына, қалтасының аузына салады. Қолөнердің барлық саласын қамтиды. «Су өрнегі» – әрбір өрнекті бөліп тұратын жолақ.  Екі қатар сызық аралығында ирек сызық жасай отырып, дөңгелек, төртбұрыш бейнелер жасайды, – дейді шебер. 

Ғалымдардың зерттеуі бойынша ою-өрнектер үш топқа бөлінеді:  өсімдік тектес (жапырақ, үш жапырақ, ағаш), зооморфтық (жан-жануарлар), космогониялық өрнек (дөңгелек, ирек, шимай, тор көз). 

Бүгінде екі қыз бен бір ұлынан көрген немере-жиендерінің қызығына бөленіп отырған ақ жаулықты әже ұлттық құндылықтарды дәріптеуден еш жалықпағанын айтады.