Павлодар облысында жерге орналастыру саласына жеті жаңа қызметтік көлік берілді
Олардың қатарында жол талғамайтын екі көлік бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ өңірлік филиалына орталық аппараттың қолдауымен Павлодар облысында жерге орналастыру және кадастр саласы қызметкерлеріне жаңа қызметтік көліктер табысталды. Жаңа техникалар Павлодар облысы бойынша бес аудан мен үш қалада жұмыс жүргізетін бөлімдерге бөлінді. Атап айтқанда, Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалалары және Тереңкөл, Железин, Ертіс, Павлодар аудандары қамтылды.

– Бұл бастама өңірдегі қызмет сапасын арттырып, шалғай елді мекендерге көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін жақсартуға бағытталған. Соңғы 15 жыл ішінде алғаш рет жеті жаңа автокөлік беріліп отыр. Бұл – өңір үшін үлкен қолдау, – дейді өңірлік филиал директорының міндетін атқарушы Алтай Қайдаров.
Оның айтуынша, жаңа көліктер жерге орналастыру және кадастр саласы мамандарының жұмыс тиімділігін едәуір арттырады. Атап айтқанда, енді қызметкерлер жеке және заңды тұлғалардың жер учаскелерін өлшеу, шекарасын анықтау, жобаларын әзірлеу және мемлекеттік акт рәсімдеуге қажетті құжаттарды дайындау жұмыстарын жедел әрі сапалы атқара алады.

Әсіресе, бұл жаңалық шалғай ауылдар үшін аса маңызды. Мәселен, Ертіс ауданындағы Амангелді, Қызылқақ сияқты елді мекендер аудан орталығынан жүздеген шақырым қашықтықта орналасқан. Бұған дейін ескірген көліктер жиі істен шығып, мамандардың уақытылы баруына кедергі келтіріп келген.
– Бұрын көліктеріміз ескірген еді. Енді жаңа көлікпен шалғай ауылдарға қатынау жеңілдейді. Мамандар ауылдарға дер кезінде барып, тұрғындардың өтініштері бойынша барлық қажетті жұмыстарды толық орындауға мүмкіндік алады. Бұл өз кезегінде халыққа көрсетілетін қызметтің сапасы мен жеделдігін арттырады, – дейді Ертіс ауданы жерге орналастыру және кадастр саласы бөлімінің басшысы Дәурен Мусин.
Қазіргі таңда кейбір аудандарда бұрынғы қолданыстағы көліктер пайдаланылып жүр. Дегенмен, кезең-кезеңімен оларды да жаңарту жоспарлануда.

Айта кетерлігі, өңірде тек жерге орналастыру саласы ғана емес, сонымен қатар автоХҚКО жұмысы да кезең-кезеңімен жаңартылып келеді. Соңғы айларда бұл бағытта да бірқатар өзгерістер енгізілген. Атап айтқанда, наурыз айының басында мамандандырылған автоХҚКО үшін емтихан тапсыруға арналған екі жаңа автокөлік алынған. Бұл көліктер жүргізуші куәлігін алуға үміткерлердің практикалық емтиханын қабылдауға пайдаланылады. Қазіргі таңда автодромда бір автомат және бір механикалық беріліс қорабы бар көлік жұмыс істеп тұр.
Мамандардың айтуынша, бұл көліктер негізгі жүктемені толық қамтамасыз етіп отыр. Бұдан бөлек, бұрыннан қолданыста болған тағы екі автокөлік резерв ретінде сақталған. Қажет болған жағдайда немесе техникалық қызмет көрсету, диагностика кезінде сол көліктер іске қосылады.
Жалпы, автоХҚКО-дағы емтихан процесі толықтай жүйеленген. Кандидаттар алдымен теориялық емтихан тапсырады. Күніне шамамен 40-50 адам теориялық тестілеуден өтеді, олардың шамамен 50 пайызы сәтті тапсырады. Ал практикалық емтиханға күніне 60 адамға дейін қатысады, мұнда да орта есеппен жартысы ғана сынақтан өтеді.