Байланыс пен WIFI: Павлодар облысының туристік аймақтарында қолжетімділік артты
Бұл келушілерге цифрлық қызметтерді оңай пайдалануға мүмкіндік береді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірде туристік аймақтарда инфрақұрылымды дамыту және байланыс сапасын арттыру бағытында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы туризм бөлімінің басшысы Руслан Нұрбековтың айтуынша, бұл өзгерістер өңірдің тартымдылығын арттырып, келушілерге қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда Торайғыр, Сабындыкөл демалыс аймақтарында үш ірі мобильді операторлардың жұмыс сапасы едәуір жақсарған. Сонымен қатар, демалыс орындарының шамамен 80 пайызы Wi-Fi-мен қамтамасыз етілген. Бұл туристерге байланыста болуға және цифрлық сервистерді еркін пайдалануға мүмкіндік береді.
– Жол бойындағы инфрақұрылым да жаңартылуда. Туристік нысандарға апаратын шамамен 70 шақырым жол бойынша оң қорытындылар беріліп, алдағы уақытта жөндеу және абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Қолданыстағы асфальт жолдар да жазғы маусымға қарай жаңартылып, олардың жағдайы жақсартылмақ, – деді Руслан Нұрбеков.
Жасыбай көлінің жағажай аймағында да абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Жаңа орындықтар, қоқыс контейнерлері мен биотехникалық санитарлық тораптар саны арттырылып, демалушыларға қолайлы жағдай жасалуда. Жауапты мамандардың сөзінше, жағажай инфрақұрылымы шамамен 25 пайызға кеңейтілген.
Өңірде туризм саласына бағытталған жаңа инвестициялық жобалар да жүзеге асуда. Атап айтқанда, «Березовая роща» екі қабатты қонақ үй бой көтерді. Нысан бір уақытта 100 адамға дейін қабылдай алады және елу төсек-орын қоры бар.
Сондай-ақ, «Сабындыкөл Plaza» аумағында үш демалыс үйінің құрылысы өз мәресіне жетті. Бұл жобалар аймақтағы туристік инфрақұрылымды кеңейтуге және қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталған.
Бұдан бөлек, Торайғыр көлі мен басқа да демалыс аймақтарында қысқы және жазғы туризмді дамыту үшін қосымша инвестициялар тартылуда. Инвесторлар коньки прокатын кеңейту, демалыс инфрақұрылымын дамыту және маусымаралық қызметтерді көбейтуге қызығушылық танытып отыр.
Айта кетейік, жаздың алғашқы айларында облыстың көрікті жерлері бойынша арнайы блог-тур ұйымдастырылады. Оған қызығушылық танытқан кез-келген жандар қатыса алды.