Павлодар облысында жоғалып кеткен әйел өлі күйінде табылды
Оны туыстары, полицейлер, кинологтар мен еріктілер іздеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Хабар-ошарсыз кеткен адамның туысы «VITA» іздеу жүйелеріне жүгінген. Ол жоғалып кеткен әйелдің кішкентай ұлына қаңтар айында аутизм диагнозы қойылғанын және оның бұл фактіні қабылдай алмағанын айтқан.
– Бұдан кейін өзіне-өзі қол жұмсап, күйзеліске түскен. Өмір сүруге деген құлшынысы жоғалып, денсаулығы мен ұйқысы нашарлаған. Тәбеті болмаған. Туыстары оған барынша көмектесуге тырысқан. Тіпті, Шалдайдағы қасиетті жерге апаруға шешім қабылдаған, – дейді еріктілер.
Бірақ 35 жастағы әйел орманға шығып, жоғалып кеткен. Оны іздеуге Шарбақты ауданы мен Павлодар полиция қызметкерлері, құтқарушылар аттанған. Өкінішке орай, әйел адам бірнеше сағаттан кейін өлі күйінде табылды.
– Ерекше балаларды тәрбиелеп отырған және балаларының қорқынышты аурулары туралы білетін аналарға қолдау көрсеткіміз келеді. Сіз балаларыңызға керексіз және оларға сізден артық ешкім қамқор бола алмайды, – дейді еріктілер.