Павлодарда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне орай форум өтті
Антикорлық еріктілердің араласуымен республика бойынша 15 миллиард теңгеге жуық қайтарылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жастар бастамаларын дамыту орталығында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні аясында форум өтті. Аталмыш іс-шара барысында осы жылғы атқарылған жұмыстардың қорытындысы шығарылды.
– Біз азаматтық қоғам, қоғамдық бірлестік ретінде форумға қатысудамыз. Жемқорлықпен күрес – қоғамның міндеті. Ал жемқорлық – үлкен індет. Жалпы жыл басынан бері республика бойынша еріктілердің араласуымен мемлекет меншігіне 14 миллиард теңгеге жуық қаржы қайтарылды. Сондай-ақ, республикадағы еріктілердің жұмысы арқылы 68 қылмыстық іс қозғалды, – дейді «Әділдік жолы» қоғамдың бірлестігінің облыс бойынша төрағасы Нұргүл Қайырденова.
2003 жылғы 1 қарашада Мексиканың Мерида қаласында жоғары деңгейде өткен саяси конференцияда БҰҰ Бас Ассамблеясы Біріккен Ұлттар Ұйымының сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясы қабылдады. Конвенцияның мақсаты – жемқорлықтың алдын алу және жою. Құжат ережелеріне сәйкес, сыбайлас жемқорлық салдарынан келген ақшалар қай елден келсе, сол елге қайтарылып отырады.
– Бүгінде бұл күнді әлем бойынша 100-ден астам ел өткізеді. Ал 80-ге жуық мемлекет конвенцияға қол қойды. Бізде де бұл күнді атап өтуді дәстүрге айналдырмақ, – дейді облыс бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысының бірінші орынбасары Маратбек Қасымов.
Шара барысында жемқорлықтың жолын кесуге үлес қосқан жергілікті еріктілер марапатталды. Сондай-ақ, іс-шара аясында журналистер арасында өткен байқаудың нәтижелері шығарылып, бағалы сыйлықтар сыйға тартылды.