Павлодар облысында жалған нөмірмен көлік басқарған 10 жүргізуші анықталды

Павлодар облысында жалған нөмірмен көлік басқарған 10 жүргізуші анықталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өңірде көлік құралдарында жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін пайдаланудың жолын кесуге бағытталған «Жалған нөмір» жедел-профилактикалық іс-шарасы аяқталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Үш күнге созылған іс-шара барысында полиция қызметкерлері 500-ден астам әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Оның ішінде 146 жағдайда көлік құралдары оқылмайтын мемлекеттік нөмірлермен басқарылған. Сондай-ақ мемлекеттік нөмірсіз немесе көлікті пайдалануға тыйым салынғаннан кейін көлік басқарудың 12 фактісі тіркелді. Бұдан бөлек, 10 жүргізуші көлігін көрінеу жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерімен басқарған.

Анықталған барлық факті бойынша жүргізушілерге қатысты әкімшілік ықпал ету шаралары қабылданды.

Мәселен, Екібастұз қаласындағы Астана көшесінде ВАЗ 21150 маркалы көлік тоқтатылды. Тексеру кезінде жүргізушінің көлікті көрінеу жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерімен басқарғаны анықталды.

Осындай жағдай Солнечный кентінде де тіркелді. Мұнда Kulager маркалы мотоцикл жүргізушісі көлікті жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерімен басқарған.

Полицияның мәліметінше, жүргізілген талдау барысында жүргізушілердің нөмірлік белгілерді ауыстыруға немесе жасыруға көбіне ақылы автомобиль жолдарында жол жүру ақысын төлеуден жалтару үшін баратыны анықталған. Сонымен қатар жалған нөмірлер белгіленген жылдамдық шектеулерін бұзған кезде және жүк көліктерінің салмақтық-габариттік бақылауынан өту барысында нақты салмағын жасыру мақсатында қолданылуы мүмкін.

– Мұндай әрекеттер жол инфрақұрылымына да, жалпы көліктік қауіпсіздік жүйесіне де зиян келтіреді, – деп атап өтті ведомство.

Павлодар облысының полициясы жалған немесе оқылмайтын мемлекеттік нөмірлермен көлік басқару жол қозғалысы қауіпсіздігіне қауіп төндіретінін ескертеді. Мұндай көліктер құқық бұзушылықтарды автоматты түрде тіркеу жүйелерінің жұмысын қиындатып, жауапкершіліктен жалтаруға жағдай жасауы және жол-көлік оқиғаларының қаупін арттыруы мүмкін.

Айта кетелік, ЖПІШ барысында 52 көлік құралы арнайы айып тұрағына қойылды.