55 жыл: Аққулыда түлектер Жаңатаң мектебін жаңартуға үлес қосты
Жаңатаң негізгі жалпы білім беру мектебі 1968 ашылған, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.
Аққулы ауданы әкімдігінің мәліметінше, білім ордасының алғашқы директоры Зияш Жаксыбаев болған. Мерейтойға мектептің 20 педагог ардагері мен еңбек еткен азаматтар шақырылған. Сонда-ақ осыдан 55 жыл бұрын мектеп бітірген 60-қа жуық түлек қатысты.
– Игі шараға 1969 жылы шыққан мектептің алғашқы түлегі – Павлодар облысы ішкі істер органдарының ардагері, әділет полковнигі Болат Қуатов келді. Әртүрлі жылдары білім алған түлектердің атынан мектепке бағалы сыйлықтар – музыкалық орталық, үш домбыра, проектор мен экран, кәсіби микрофон, принтер табысталды, – дейді аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жаннұр Ахметжанова.
Мектепте білім беру үрдісі екі тілде жүргізіледі. Қазіргі таңда 43 оқушы білім алуда. Шәкірттер түрлі олимпиадалар мен сайыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болуда.
Мерейтойға қатысқан педагог ардагерлерге гүл шоқтары мен сыйлықтар берілді. Мереке салтанатты жиынмен басталып, концерт және мектеп ұжымының жайған дастархан басында жалғасты.