Павлодар облысында қатты бораннан 100-ден астам адам құтқарылды
Қатты жел отыздан астам ғимараттың шатырын жұлып әкетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, өңірде ауа райының күрт нашарлауына байланысты, қатты жел, боран және жолдың мүлдем көрінбеуі салдарынан төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері күшейтілген дайындық режимінде қызмет атқаруда.
10 наурыз күні республикалық және облыстық маңызы бар автожолдарға 28 бақылау бекеті қойылды. Оған полиция, ТЖД және жергілікті атқарушы органдар қызметкерлері қатысты. ТЖД бекеттерінде 16 қызметкер кезекшілікте болып, 12 бірлік техника, соның ішінде жолдан өту қабілеті жоғары техникалар қолданылды.
- Қазіргі уақытта барлық бағыттар бойынша жолдар ашық, техника жиналуы байқалмайды, - делінген хабарламада.
Аймақта жалпы сыйымдылығы 20 мыңнан астам адамға арналған 188 жылыту пункті дайындалған, оның ішінде 4302 төсек-орын бар. Кеше жылыту пункттеріне 195 адам орналастырылды.
Соңғы тәулікте Павлодар облысының ТЖД құрылымдық және бағынышты бөлімшелері 49 шақыртуға шықты. Құтқарушылардың үйлесімді және жедел әрекеті нәтижесінде 107 адам құтқарылды. Оның ішінде 6 бала бар. Тағы 62 адам эвакуацияланды.
Апаттық-құтқару жұмыстары Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалаларында және Май, Ақтоғай, Баянауыл,Шарбақты және Павлодар аудандарында, көріну мүмкіндігі нөлге тең жағдайда жүргізілді.
Желдің жылдамдығы 30 м/с дейін жетті. Салдарынан 33 ғимараттың шатыры жұлынып кетсе, кейбір елді мекендерде электр қуаты өшіп қалды. Бұл аймақтарда зиянды анықтау және қалпына келтіру жұмыстарын үйлестіру мақсатында жергілікті атқарушы органдар төрағалық ететін ТЖ комиссиялары жұмыс істеуде.
Аймақта дауылды ескерту жарияланған. Синоптиктердің мәліметінше, 11 наурызда Павлодар облысында оңтүстік-батыстан соғатын желдің жылдамдығы 15–20 м/с болады, соққылары 23–28 м/с, кей жерлерде 30 м/с және одан жоғарыға жетуі мүмкін. 12 наурызда жел сақталады. Оның екпіні 15–20 м/с, облыстың батысы, солтүстігі және шығысында соққылары 23–28 м/с, түнде кей жерлерде 30 м/с және одан жоғары болуы мүмкін.
Құтқарушылар тұрғындарға қауіпсіздік шараларын сақтау және ауа райының қолайсыздығы кезінде ұзақ сапарға шықпауға кеңес береді.