Павлодар мектептерінің бірінде инновациялық құралдармен жабдықталған кабинет ашылды

Павлодар мектептерінің бірінде инновациялық құралдармен жабдықталған кабинет ашылды
Фото: автор

№24 жалпы орта білім беру мектебінде ашылған қазақ тілі мен әдебиеті кабинеті Минир Галеев атымен атылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Мектеп әкімшілігі мұндай кабинет жастарды патриотизмге тәрбиелеу, рухани бірлік пен этносаралық келісім идеяларын тарату, оқу-тәрбие ортасы арқылы жастардың достығы мен топтасуын нығайту, мемлекеттік тілді оқыту сапасын арттыру, этнос өкілдерінен жастарды мемлекеттік тілді үйренуге тарту мақсатында ашылғанын атап өтті. 

«Қазақстан халқы Ассамблеясының сыныбы» мамандандырылған жобасының аясында және Минир Галеевтің ұлының демеушілігімен ашылған оқу аудиториясы барлық инновациялық құралдар бойынша жабдықталған. Атап айтқанда, соңғы буынды интерактивті тақта, ортопедиялық жиһаз, ақпараттық стендтер. 

– Былтыр Қазақстан халқы Ассамблеясының кабинетін ашу үрдіс пайда болыпты. Осы үрдісті жалғастыру мақсатында биыл әкемнің, Минир Хамитұлы Галеевтің атында кабинет ашу ұсынылды. Біз бірден қолдадық. Көмектесуге тырыстық. Бүгін салтанатты түрде кабинет ашылды. Жақсы сөздер айтылды. Әкем - қазақ тілі мен мәдениетін дамытуға, оның мәртебесін көтеруге  үлес қосты. Этносаралық байланысты нығайту үшін көп жұмыс істеді. Ұлттық, мемлекеттік мерекелерге қатысатын, – деді Минир Галеевтің ұлы Эльдар Галеев. 

Мектеп оқушылары кабинетті ашуға көмектескен жандар мектепке, осы кабинетке үлес қосып қана қоймай, барлық оқушылар мен олардың болашағына да үлес қосқанын атап өтті. 

Минир Галеев (1941-2020 жж.) – Қазақстан Республикасының белгілі қоғам қайраткері. Павлодар облысының Құрметті азаматы. Павлодар жол-құрылыс материалдары өндірістік бірлестігінің директоры болған.