Павлодарда картоп бағасын көтергені үшін көтерме жеткізуші жазаланды
Облыстық сауда департаменті картоптың сауда үстемесін асыра пайдалану мәселесі бойынша жоспардан тыс тоғыз тексеріс ашты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар облысының әкімдігі жасасқан өңірдің 23 ауыл шаруашылығы өндірушісімен меморандум аясында көкөніс өсірушілер көкөніс қоймаларынан картопты келісіне 100 теңге бағамен босату бойынша міндеттеме алды. Әрі қарай операторлар өңірдің 59 әлеуметтік картоп дүкені бойынша жеткізеді. Сату бағасы келісіне 120 теңгені құрайды. ҚР ӘҚБтК-нің 204-4-бабы бойынша (Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесінің мөлшерін арттыру) бір жеткізушіге ескету шығарылды.
– Бүгінгі таңда картоптың сауда үстемесін асырғаны үшін көтерме жеткізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сауда үстемесі 15 пайыздан аспауы керек, ал жеткізушіде үстеме 16,4 пайызды құрады, – деп атап өтті облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Нұрсұлу Әубәкірова.
Сонымен қатар, департамент картоптың сауда үстемесін асыра пайдалану мәселесі бойынша жоспардан тыс тоғыз тексеріс ашты.
Айта кетейік, бағаны тұрақтандыру және көкөніс өнімдерін сатумен айналысатын барлық сауда нүктелерін қамту мақсатында картопты «Рахмет» базарына жеткізу кестесі бекітілді. Мәселен, 22 қаңтардан бастап «Рахмет» базарына апта сайын сәрсенбі және жұма күндері барлық көкөніс дүкендеріне сата отырып, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерден тікелей 40 тонна картоп жеткізу жоспарлануда. Сонымен қатар, Павлодар ӘКК АҚ Small ірі желілік супермаркеттеріне бір келісі 95 теңгеден жеткізіледі және «Жайлау» фермерлік нарығында 104 теңгеден сатылады.
Сондай-ақ, әр сенбі сайын ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері өткізіледі, онда картоп белгіленген бағамен сатылады – 104 және 110 теңге.