Павлодар облысында қызылшамен ауырғандардың саны азаяр емес
Осы айда ауруға шалдыққандардың саны 190-ға тақады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Батырбек Әлиев мәлім етті.
– Былтыр тамыз айынан бастап инфекциялық сырқаттанушылық мониторингінің нәтижелері бойынша облыста қызылшаның 793 жағдайы тіркелді. Облыста қызылша ауруының өсуі 2023 жылдың шілде айында басталды және өткен жылдың қазан айынан бастап айтарлықтай өсу байқалады: желтоқсанда 359 жағдай тіркелді. 2024 жылдың басынан бері аймақта қызылшаның 189 жағдайы есепке алынды, – дейді Батырбек Әлиев.
Облыс бойынша сырқаттанғандардың 42 пайызы – облыс орталығында, 27 пайызы – Екібастұз бен Ақсу қаласында. Аудан бойынша сырқаттанғандардың саны бойынша Баянауыл көш бастап тұр. Бұл ауданда қызылшаға шалдыққандардың саны – 37. Екінші орында (19 науқас) Павлодар ауданы, үшінші орында (12 жағдай) Тереңкөл ауданы тұр. Ал Железинде – 10, Успенде – 6, Шарбақтыда – 5, Майда – 4, Аққулыда – 2 , Ертіс және Ақтоғай аудандарында бір жағдайдан тіркелді.
Қызылшамен ауырғандардың негізгі үлесін 14 жасқа дейінгі балалар құрайды – 74 пайыз. Дәлірек айтқанда, 586 жағдай. Аталмыш сандардың 38 пайызы – 2 жастан 5 жасқа дейінгі балалар. Сонымен қатар, 14,2% – бір жасқа дейінгі балалар.