Ақсуда жедел жәрдем қызметкерлері әйелді үй жағдайында босандырып алды

Ақсуда жедел жәрдем қызметкерлері әйелді үй жағдайында босандырып алды
Константин Шелковтың иллюстрациялық суреті

Ақ желеңділер жеткенше әйелдің күйеуіне дәрігерлер телефон арқылы нұсқаулық беріп отырған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облыстық жедел жәрдем қызметінің мәлімдеуінше, 22 ақпанда 103 пультіне Ақсу қаласынан ер адам қоңырау шалып, жүкті жұбайының толғағы жиілеп кеткенін хабарлаған. Диспетчер көрсетілген мекенжайға жақын маңдағы медициналық бригаданы жіберіп, өзі ер адаммен байланыста қалып, оған әрекет ету алгоритмін түсіндіруді жалғастырған.

– Әйел адам медициналық қызметкерлердің қатысуымен қыз баланы дүниеге әкелді. Бригада шақырту түскеннен кейін 7 минут ішінде оқиға орнына жетті, – дейді облыстық жедел жәрдем станциясы басшысының орынбасары Ирина Мищенко. – Жылулық тізбекті сақтап, ана мен нәрестенің жағдайы тұрақты екеніне көз жеткізгеннен кейін олар перзентханаға жеткізілді.

Жыл басынан бері Павлодар облысының 103 қызметінің диспетчерлері 120 рет «қоңырауды ұстап қалу» әдісін қолданған. Бұл әдістің мәні – көмекке мұқтаж адамға жедел жәрдем бригадасы жеткенге дейін-ақ көмек көрсетуді бастау. Көмекті жанындағылар немесе қажет болған жағдайда зардап шегушінің өзі де көрсете алады. Ол үшін диспетчер телефон арқылы арнайы әзірленген алгоритмдер бойынша нұсқаулық береді. «Қоңырауды ұстап қалу» әдісі үй жағдайындағы босану, тыныс алудың немесе жүрек соғысының тоқтауы, қан кету, суға кету және басқа да жағдайларда қолданылады.

Соңғы екі айда Павлодар облысында жедел жәрдем қызметкерлерінің қатысуымен үй жағдайында босанудың екінші жағдай тіркеліп отыр. Өткен жылы 19 әйел үйінде перзентін дүниеге әкелген болатын.