Павлодарда питбульді тұмылдырықсыз серуендеткен тұрғын айыппұл төлейді

Павлодарда питбульді тұмылдырықсыз серуендеткен тұрғын айыппұл төлейді
Фото: pexels.com

Тәртіп сақшылары үй жануарларын ұстау ережелерін тұрғындарға тұрақты негізде түсіндіреді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Бұқар жырау көшесіндегі үйдің кіреберісінің жанында тұмылдырықсыз питбуль итімен жүрген қала тұрғынына қатысты шағым түсті.

– Шақыруға келген полиция қызметкерлері үй жануарларын серуендету ережелерін бұзғаны үшін иесін жауапқа тартты. Оған 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды, – деді департаментте. 

Тәртіп сақшылары тұрғындарды ойын алаңдарында, мектепке дейінгі және мектеп аумақтарында, бақтарда, стадиондарда және басқа да қоғамдық орындарда иттерді серуендетуге тыйым салынатыны туралы ескертеді. 

– Жеке тұрғын үй-жайлардың иелері иттерді қаша алмайтын жеке ауланың шекарасында ұстауы тиіс және аулаға кіре берісте иттің бары туралы ескерту белгісі болуы тиіс, – деді департаментте.  

Көшеге жүгіріп шыққан ит өтіп бара жатқан адамдар үшін және бірінші кезекте балалар үшін қауіпті болуы мүмкін. Серуенде жүрген ит міндетті түрде тұмылдырықта және қарғыбауда болуы керек. Адамдар көп жиналатын жерлерде итті қысқа қарғыбауда ұстау керек.