Тұрғындардан ұят: Павлодарда № 1 аурухана қашан қолданысқа беріледі?
Нысанға бөлінген қаржының жартысы келесі жылға жоспарланған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
VIII сайланған Павлодар облыстық мәслихатының XVI кезекті сессиясында облыстық мәслихат депутаты Сәбиден Мантықов тамыз айында кезекті комиссия отырысында № 1 қалалық аурухананың қыркүйек айында іске қосылатыны туралы айтылғанын, алайда бүгінгі күнге дейін бұл уәде орындалмағанын еске салды.
– Біз палаталардың барлығы жөндеуден өткенін, төсек-орындар мен жабдықтар тұрғанын көрдік. Енді не кедергі? Неліктен ескі палаталардағы науқастарды жаңаларына ауыстыра алмаймыз? Бір қабатта орналасқан барлық ескі бөлімшелердегі науқастардың сырқаттары әртүрлі, бір-біріне ыңғайсыздық тудырады әрі ауру жұқтыруы мүмкін, – деді Сәбиден Мантықов.
Бұл сауалға қатысты облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әнуар Бұйрашев блок құрылысының аяқталуы кезеңінде қаржыландыру 6,4 миллиард теңгені құрағанын мәлім етті. Дегенмен, үш миллиард теңге ғана бөлінген, қалған 3,4 миллиард теңге 2025 жылға бекітілген. Сондай-ақ ведомство тапсырыс беруші әрі соңғы қолданушы болып табылатынын атап өтті.
– Адамдар ауруханаға қарағанда құрылысшыны емес, дәрігерді көреді. Тұрғындардан ұят болды. Қаланың тұрғыны әрі патриоты ретінде ұяламын. «1 қалалық аурухананы қашан аяқтайсыздар? Үш жыл болды» деп айтады. Әлі күнге дейін шешім қабылданбаған. Сондықтан бізге нақты жауап керек, – деді депутат.
Бұл жолы Әнуар Бұйрашев қазан айының соңына дейін мәселе шешімін табады деп уәде берді.
Еске сала кетейік, № 1 ауруханада 2022 жылдың шілде айынан бастап кешенді реконструкция жұмыстары жүргізілді. Ғимараттың терезелері мен қасбеті жаңартылды. Екі блокта күндізгі стационар мен сheck-up орталық, екінші қабатта 11 жедел ота бөлімі орналастырылады. Биыл маусым айында құрылыс басқармасының басшысы Қадылжан Сәтиев айдың соңына дейін жеті қабатты А блогын және Д және Г блоктарында алты операциялық блокты тапсыру жоспарланып отырғанын, үш миллиард теңге сомасына барлық медициналық жабдықтар жеткізілгенін хабарлаған болатын.