МӘМС: Павлодарлықтар медициналық көмек алу кезінде нені ескеруі керек?

МӘМС: Павлодарлықтар медициналық көмек алу кезінде нені ескеруі керек?
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

МӘМС жүйесіне қатысты азаматтарды көбіне дәрігер қабылдауын күту, медициналық тексерулерден өту, жолдама алу және медициналық қызметтер үшін ақы төлеу мәселелері алаңдатады. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры осы бағыттағы жиі қойылатын сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

МӘМС мәртебесі болмаса, медициналық көмек алуға бола ма?

Иә, МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған азаматтар медициналық көмектің барлық түрінен айырылмайды. Сақтандыру мәртебесіне қарамастан, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) шеңберінде жедел және шұғыл көмек, алғашқы медициналық-санитариялық көмек, вакцинация, сондай-ақ әлеуметтік мәні бар бірқатар аурулар кезінде медициналық қызмет көрсетіледі.

Ал МӘМС мәртебесі сақтандыру пакеті аясындағы медициналық қызметтерді алу үшін қажет.

Дәрігер тексеру немесе жолдама бермесе, не істеу керек?

КТ, МРТ, зертханалық талдаулар немесе бейінді маманның консультациясын тағайындау қажеттілігін емдеуші дәрігер медициналық көрсетілімдерге қарай анықтайды.

Егер пациент қосымша тексеру қажет деп санаса, бірақ дәрігер жолдама бермесе, алдымен өзі тіркелген медициналық ұйымның Пациенттерді қолдау және ішкі сараптама қызметіне жүгінгені жөн. Мәселе сол жерде шешілмесе, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына msqory.kz сайты арқылы өтініш беруге болады.

Жолдама бар, бірақ бос орын жоқ болса ше?

Егер пациенттің қолында бейінді маманға немесе диагностикалық зерттеуге жолдама болып, медициналық ұйымда бос орын болмаса, ұйым басқа маршрут ұйымдастыруы тиіс.

Жоспарлы консультация немесе диагностикалық зерттеуді күту мерзімі 15 жұмыс күнінен аспауы керек. Қажетті маман немесе жабдық болмаған жағдайда пациент тиісті қызмет көрсететін басқа медициналық ұйымға жіберілуі тиіс.

Яғни қажетті маманның, жабдықтың немесе бос орынның болмауы пациентті МӘМС пакеті шеңберіндегі қызметті ақылы түрде алуға мәжбүрлеуге негіз болмайды.

Медициналық қызмет үшін ақы талап етсе не істеу керек?

ТМККК және МӘМС пакеті аясында көрсетілетін медициналық қызметтер үшін пациенттен ақы алынбауы тиіс.

Егер тегін көрсетілуі тиіс қызмет үшін ақша талап етілсе, алдымен медициналық ұйымдағы Пациенттерді қолдау және ішкі сараптама қызметіне жүгінуге болады. Мәселе шешілмеген жағдайда Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына өтініш беруге болады.

Қор мұндай өтініштер бойынша тексеру жүргізеді. Бұзушылық расталған жағдайда пациенттің құқықтарын қорғау үшін тиісті шаралар қабылданады.

Алмаған медициналық қызмет ақпараттық жүйеде көрсетілсе ше?

Пациент медициналық ақпараттық жүйеден өзі алмаған қызмет туралы мәліметті байқаса, алдымен қызмет көрсетілді деп көрсетілген медициналық ұйымға хабарласып, ақпараттың дұрыстығын тексеруі қажет.

Егер қызметтің көрсетілмегені расталса немесе 1414 нөмірінен пациент алмаған медициналық қызмет туралы SMS-хабарлама келсе, Қорға жүгінуге болады.

Өтінішке қызмет көрсетілген күн мен кезеңді және медициналық қызметкер туралы мәліметтер көрсетілген скриншоттарды қоса берген жөн.

Қордың мәліметінше, цифрландыру медициналық қызметтердің ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді. Пациенттер көрсетілген қызметтер мен олар бойынша төлемдер туралы ақпаратты eGov Mobile және Пациенттің бірыңғай жеке кабинеті арқылы қарай алады.

Пациенттің құқығы бұзылса, қайда жүгінуге болады?

Ең алдымен медициналық ұйымның Пациенттерді қолдау және ішкі сараптама қызметіне жүгіну ұсынылады. Бұл бөлім медициналық көмекті ұйымдастыруға және оның қолжетімділігіне қатысты мәселелерді ұйым деңгейінде шешуге көмектеседі.

Егер мәселе сол жерде шешілмесе, азамат Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына msqory.kz ресми сайты арқылы өтініш бере алады.

Қор азаматтардың өтініштерін қарап, негіз болған жағдайда тексеру жүргізеді. Негізгі мақсат – анықталған бұзушылықтарды жоюға және пациенттің уақтылы әрі қолжетімді медициналық көмек алу құқығын қалпына келтіруге ықпал ету.