Павлодар облысында қола дәуіріне жататын найзаның ұшы табылды
Енді табылған артефактілер қажетті зертханалық өңдеуден өтеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Марғұлан университеті баспасөз қызметінің мәліметінше, ЖОО ғалымдары мен студенттері Май ауданы Ақшиман ауылының маңындағы Көктас-2 археологиялық кешеніне жүргізген экспедиция барысында сирек кездесетін артефактілерді тапты. Солардың ішіндегі ең қызық жәдігер ретінде қоладан жасалған найзаның ұшын айтуға болады. Бұл құнды жәдігерді «Тарих» ББ екінші курс студенті Асылбек Еламан тапты.
– Бұл – Павлодар өңірі үшін бірегей олжа. Найзаның ұшы біздің эрамызға дейінгі 13-8 ғасырлардың ортасындағы Саргарин-Алексеев мәдениетіне жатады, – деді археологиялық зерттеулер орталығының ғылыми қызметкері Асқар Әбілдин.
Май ауданындағы Көктас археологиялық кешенінде екінші жыл зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Биылғы жылы мұнда 3,5 мың жылдық бірегей ғимараттар, мыс кені өндірілген және өңделген шахталар табылды. Бұл аймақта 20-дан астам қорған бар, олардың кейбіреулері сақ кезеңіне жатады.
Жерлеу орындарын зерттеу барысында адам сүйектері, жануарлар, керамикадан жасалған ас үй ыдыстарының сынықтары, қоладан жасалған жебелердің ұштары табылды. Енді табылған артефактілер қажетті зертханалық өңдеуден өтеді.
Жалпы, Марғұлан университетінің ғалымдары Павлодар Ертіс өңірінің тарихи-мәдени мұрасын сақтау және зерделеу бойынша үлкен жұмыс жүргізуде.
Баянауыл ауданында зерттеудің бірінші жылы Торайғыр көліндегі мұртты қорғандарды зерттеуге бағытталған, мұнда ашық аспан астында мұражай құру және айналымға жаңа қызықты тарихи-мәдени көрнекті орын енгізу көзделіп отыр. Павлодар маңында Байдала қорымын зерттеу жалғасуда, онда Қимақ кезеңіне қатысты қызықты жерлеу орындары табылған болатын.