Павлодарлық жедел жәрдем қызметі күрделі ауру түрлерін дер кезінде анықтайды
Дәрігерлер телеметрияның көмегімен және емдеу тактикасының арқасында шалғай ауылдарда жедел кеңес бере алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының дәрігерлік және фельдшерлік бригадаларының барлығы 15 жыл бойы телеметрия функциясы бар портативті электрокардиографтармен жұмыс істейді.
Облыстық жедел жәрдем станциясы бас дәрігерінің орынбасары Ирина Мищенконың айтуынша, аппарат шағын және жеңіл болғандықтан, оны әрбір бригада өзімен бірге алып жүреді.
– Бұл технология пациенттің жанында түсірілген электрокардиографияны бірнеше секунд ішінде аға дәрігердің пультіне және облыстық кардиологиялық орталыққа жіберуге мүмкіндік береді, – деді ол.
Жүйе тек электрокардиография жіберумен шектелмейді. Қажет болған жағдайда бригада аға дәрігермен бейнебайланысқа шығып, күрделі клиникалық жағдайды бірге талқылай алады. Бұл мүмкіндік, әсіресе, облыстың шалғай аудандарында маңызды. Баянауыл, Ертіс және өзге де елді мекендердегі науқастар облыс орталығы деңгейіндегі мамандардың кеңесін жедел алады.
Қазіргі таңда станцияда 70 бригада жұмыс істейді және әрбір телеметриялық кардиограф нақты бір бригадаға бекітілген. Түсірілген барлық кардиограммалар онлайн режимде аға дәрігердің экранына түседі. Дәрігер нәтижені қарап, қажет болса сипаттамасына түзету енгізіп, оны бірден бригадаға қайта жібереді. Бұл жүрек ырғағының бұзылыстары, жедел коронарлық синдром және басқа да шұғыл жағдайларда емдеу тактикасын дереу өзгертуге мүмкіндік береді.
Осындай бағдарлама облыстық кардиологиялық орталықта да орнатылған. Мамандар қажет болған жағдайда электрокардиография мұрағатын қарап, өзгерістердің бұрыннан бар-жоғын немесе олардың жаңа пайда болғанын анықтайды. Соның негізінде пациентті әрі қарай емдеу мен тасымалдау тактикасы бірлесіп шешіледі.
– Науқас бірден «осында және қазір» қағидаты бойынша емге түзету алады, пациенттің тактикасы, әрі қарай тасымалдау бағыты, көрсетілетін медициналық көмектің көлемі анықталады, – деді Ирина Мищенко.
Орынбасардың айтуынша, телеметрия енгізілгеннен бері ауруханаға дейінгі кезеңде миокард инфарктісін өткізіп алу дерегі тіркелмеген. Инфаркт белгілері дер кезінде анықталып, пациенттер бекітілген жол картасына сәйкес облыстық кардиологиялық орталыққа жеткізіледі.
Бұрын жедел жәрдем қызметі электрокардиографияны қашықтан жіберу мүмкіндігі жоқ қарапайым аппараттарды пайдаланған. Қазір телеметрия функциясы бар құрылғылармен Павлодар қаласын ғана үнемі емес, Ақсу, Екібастұз және барлық аудандық тірек пункттеріндегі 70 жедел жәрдем бригадасы толық қамтамасыз етілген.