Павлодар облысындағы қарағайлы ормандарда жаңа өмірдің белгісі байқалды
Өңірдегі қарағайлы ормандар экологиялық тепе-теңдікті сақтауда маңызды рөл атқарып отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Орман табиғи резерваты бас директорының міндетін атқарушы Сырым Елемесовтің айтуынша, ағаштар фитонцидтер бөліп, ауаны тазартып қана қоймай, құм көшкіндерінің алдын алады және жер асты суларының деңгейін сақтауға ықпал етеді.
– Бұрын бұл аймақта аз кездескен доңыздардың саны едәуір артты. Бұдан бөлек ғылыми бөлім мамандарының жұмысы нәтижесінде 40 жаңа құс түрі анықталған. Жалпы, 100-ден астам құс тіркелген, оның ішінде бұрын байқалмаған жыланжегіш және төрт Қызыл кітапқа енгізілген құс түрі бар, – деді Сырым Елемесов.

Айта кетерлігі, жыланжегіш – жыландармен қоректенетін жыртқыш құс, көбіне бүркіт тұқымдас болып келеді.
Жануарлар әлемінде де Павлодар өңірінде барыс, қасқыр, түлкі, елік, мүйізді бұлан сияқты түрлер тіркелген.
Бұдан бөлек, 17 сәуірден бастап өңірде су құстарына аң аулау маусымы ашылады. Негізінен тек еркек үйректерді аулауға рұқсат етіледі, ал қаз бен аққуға аңшылық жасауға тыйым салынған. Қазіргі уақытта аққулар өңірдегі су айдындарына қоныстанып үлгерген.
Сонымен қатар, жыл басынан бері браконьерлік деректер де тіркелген. Атап айтқанда, Аққулы ауданында сілеусінге қатысты заңсыз әрекет бойынша тергеу жүргізілуде. Ал өткен жылы елікке заңсыз аңшылық жасау деректері бойынша кінәлі тұлғалар тиісті жазасын алған.