Екібастұзда үйлердің 80 пайызына ыстық су берілді
Жүзден астам үйде ыстық су әлі жоқ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
«Екібастұзжылуэнерго» ЖШС мәліметінше, 699 көпқабатты тұрғын үйінің 580 ыстық су беріліп, жылу тасымалдағыш қайта іске қосылды.
– Алдағы 2024-2025 жылдар жылыту маусымына уақытылы және сапалы дайындық мақсатында 25-27 сәуір аралығында қалада жылу желілерінің магистральдік құбырларының температуралық сынақтары өткізілді. Осы іс-шаралардың нәтижелері бойынша тоғыз ақау анықталды. Бұл ақауларды жоюға байланысты жұмыстар сынақтар аяқталғаннан кейін бірден басталды,– деді компанияда.
28 сәуір күні үйлердің көпшілігіне ыстық су берілді. Құбыр учаскелеріндегі ақауларды жойғаннан кейін тағы 119 көпқабатты үйге ыстық су қосу жоспарлануда.