Павлодар облысында ұзақ мерзімді жеті құрылыс нысаны аяқталды
Бүгінде аталмыш нысандар антикордың бақылауында, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодарда 5 жылдық тарихы бар «ұзақ мерзімді құрылыс» пайдалануға берілді. Бұл «2 және 4 типті» авиациялық қалашықтағы бір пәтерлі тұрғын үйлердің құрылысы. Оның құрылысына бюджеттен 755 млн. теңгеге жуық қаражат бөлінді.
Еске салайық, өткен жылдан бері облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет аймақтағы іске қосылуы түрлі себептермен кейінге қалдырылған проблемалық нысандардың құрылысын аяқтау мәселесін бақылауға алған болатын.
Жалпы, Павлодар облысында 10 ұзақ мерзімді құрылыс нысаны болса, оның 7-і аяқталды. Бұл «Сарыарқа» шағын ауданындағы №28-ші 9 қабатты үй және авиациялық қалашық аумағындағы тұрғын үйлер. Павлодар қаласы, сондай-ақ Баянауыл ауданының ауылдарына төрт су құбыры салынып, пайдалануға беріледі.
Тағы үш жоба аяқталуға жақын. Бұл – Ақсу қаласында қалалық жылу қазандығын пайдалануға беру және 9 қабатты тұрғын үй құрылысы, сондай-ақ Жұмат Шанин атындағы ауылға су құбыры тарту.
Бұл ұзақ мерзімді құрылыс нысандары Павлодар облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің бақылауында.