Павлодар облысында әлеуметтік сала үздіктері анықталды

Павлодар облысында әлеуметтік сала үздіктері анықталды
Фотограф: pexels.com/Gustavo Fring

Барлығы 36 маман қатысқан байқауда әлеуметтік сала қызметкерлері эссе, жеке кәсіби даму жоспары, презентация және әріптестердің ұсынымдарын ұсынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарының арасындағы «Үздік әлеуметтік қызметкер» атағын облыстық психоневрологиялық орталықтың қызметкері Жәңгір Марданов иеленді.

– Күн сайын қамқорлығымдағы жандардың туыстарымен байланыс орнатып, олардың қоғамға бейімделуіне көмектесемін, жас әріптестеріме үйретемін, – дейді Жәңгір Марданов.

Орталық басшылығы оның жауапкершілігі мен кәсіби біліктілігін, қиын жағдайда тез шешім таба білу қабілетін ерекше атап өтті.

– Бұл қасиеттер Жәңгір Мардановты кез келген ұйым үшін құнды маман етеді, – деді мекеме өкілдері.

«Үйде қызмет көрсету ұйымының үздік әлеуметтік қызметкері» номинациясын Баян Гизатуллина иеленді. Ол Павлодар қалалық әлеуметтік қызмет көрсету орталығында 12 жылдан бері еңбек етеді. Оның қамқорлығындағы адамдар – психоневрологиялық аурулары бар балалар мен ересектер.

– Әлеуметтік жұмыс – бұл қайырымдылық немесе эмоцияға берілушілік емес. Бұл – ғылыми әдістерге, заңдар мен тәсілдерге негізделген кәсіби қызмет, – дейді Баян Гизатуллина.

– Балалармен жұмыс істеуде заңнаманы, заманауи технологияларды білу жеткіліксіз. Ең бастысы – шынайы эмпатия мен адамгершілік жылуы. Мен олармен бірге жыламаймын, бірақ оның жан айқайын естіп, қауіпсіз орта қалыптастырамын.

Жеңімпаздар қатарында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты әлеуметтік қорғау саласындағы бақылау комитетінің облыстық департаментінің екі қызметкері де бар – мемлекеттік әлеуметтік инспектор Жанар Айдаркенова және медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімінің жетекші маманы Толқын Досбекова.

«Rezonans» қоғамдық қорының дефектолог-мұғалімі Әсемгүл Әбішева жады мен ойлау қабілетін дамытуға арналған құм терапиясы бойынша әдістемелік құрал әзірлеген. Педагогтың айтуынша, бұл әдіс ерекше қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істеуде тиімді.

– Менің жұмысым балалардың психикалық денсаулығын және эмоционалдық әл-ауқатын сақтау бағытында жүргізіледі, – дейді ол. – Мен ұстанатын басты қағиданың бірі – құпиялылық. Психолог алған ақпаратты әдейі де, байқамай да жарияламауы тиіс.

Еңбек мобильділігі (мансап орталығы) орталығының үздік қызметкері болып облыстық ұйымның маманы Марат Омарбаев танылды. Ол мемлекеттік қызметтің басты міндеті – халыққа түсінікті әрі қолжетімді болу екенін айтады.

– Менің мақсатым – адамдарды тек оқыту емес, олардың өз әлеуетін ашып, өмірдегі өз жолын табуға көмектесу, – дейді маман.

Ал менталдық ауытқуы бар жандарға арналған «Альрами» клуб үйі қоғамдық бірлестігі «Үздік әлеуметтік жоба» номинациясын иеленді. Бұл ұйым 2011 жылдан бері 350-ден астам адамды оңалтудан өткізген, олардың 55 пайызында ұзақ мерзімді (5-6 жыл және одан да көп) ремиссия байқалады.

Аймақтық байқаудың жеңімпаздары 23 қазан күні Астанада марапатталады.