Павлодар алюминий зауытының маманы өз жұмысын мақтан тұтады
Қасымхан Ғаббасов зауытта он жылдан астам уақыт табанды еңбек етіп келеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар алюминий зауыты – мыңдаған адамның тағдыры, еңбегі мен өмір жолы тоғысқан алып өндіріс ошағы. Солардың бірі Қасымхан Ғаббасов – Жентектеу цехының шихта дайындау бөлімшесінің аппаратшы-гидрометаллургы. Оның зауыттағы еңбек жолы 2010 жылы Павлодар мемлекеттік университетінің колледжінде оқып жүріп, кәсіпорынға өндірістік тәжірибеге келуі сәтінен басталған.
– Алғашқы күндер әрине, есте қалады. Зауыт – бұл үлкен ғимараттар мен мұнаралар, алып жабдықтар әлемі. Мені алғаш рет ұжыммен және жұмыс үдерісімен таныстырғанда, барлығы аса күрделі және түсініксіз болып көрінді. Алайда дәл сол сәтте бойымда күш-қуат пен мол мүмкіндіктерге деген сенім пайда болды, – деп еске алады Қасымхан Ғабассов.
Еңбек жолын аппаратшы-гидрометаллург болып бастады. Бұл кәсіп тек қана жабдықты бақылауды емес, сонымен қатар тұтас технологиялық процесс үйлесімділігін, әр компоненттің дәлдігін талап етеді. Өйткені маманның қолынан шыққан шихтаның сапасы – бүкіл өндірістің әрі қарай да дұрыс жұмыс істеуінің кепілі.

Қасымхан Ерқанатұлы өз жұмысын сүйеді. Оған шихта өндірісінің барлық кезеңін бақылап, әрбір компоненттің нақты арақатынаста болуын қадағалау ұнайды.
– Пештерге арналған шихтаны дайындаймыз. Бұл – негіз. Егер негіз берік болса, онда құрылыс тұрақты болады. Сондықтан біздің жауапкершілігіміз тіптен жоғары, – деді ол.
Аппаратшы-гидрометаллург үшін басты міндет – өнім сапасын қатаң бақылау, технологиялық тәртіпті сақтау және энергия ресурстарын тиімді пайдалану.
Іс барысында ең жауапты әрі есте қалған кезеңдердің бірі – бригадирдің міндетін уақытша атқарған сәттер.
– Жауапкершілік бірден артады. Тек өзің үшін емес, бүкіл бригада мен өндіріс процесі үшін жауап бересің. Ал ең үлкен марапаттардың бірі – құрмет тақтасына ілінуім. Бұл – маңдай терімен келген, екінің біріне бұйыра бермейтін абырой. Бұл – мен үшін үлкен мақтаныш пен одан әрі сапалы жұмыс істеуге ынталандыру, – деді металлург.
Өндірістегі он жылдан астам уақыт ішінде Қасымханның көз алдында көптеген оңтайлы өзгерістер болды. Жұмыс жағдайы жақсарып, еңбекақы мен әлеуметтік қолдау күшейген, жабдықтар жаңартылып, өндіріс кезең-кезеңімен жаңғыртылуда. Бұл өз кезегінде технологтар мен жұмысшылардың еңбегін жеңілдетіп, қауіпсіздікті арттырды.
Өзгерістер тек сыртқы бейнеде ғана емес, өндіріс үдерісінде де байқалады. Үнемі жаңартулар мен оңтайландырулар жүргізіледі. Ол алып өндіріс тынысына өзінің де үлес қосқанын мақтанышпен айта алады. Оның ұсыныстары бойынша құбырлар қайта төселіп, ескі жабдықтар жаңа, автоматтандырылған құралдарға алмастырылды.
– Мұның бәрі жұмысты жеңілдетуге және тиімділікті арттыруға бағытталған. Әрқайсымыз өз жұмыс үдерісімізді қалай тиімдірек жасауға болатынын ойлануымыз керек, – деп санайды ол.
Заманауи металлургия тұрақты дамуды талап етеді, сондықтан кадрлардың біліктілігін арттыру – басым бағыт. Жаңа нәрсені қабылдауға дайын болу және үнемі оқу – бүгінгі кәсіпқойдың бойындағы негізгі қасиет болуы тиіс.
– Жаңартылған жабдық немесе өзгертілген технология енгізілген сайын, білімімізді шыңдауға ұмтыламыз. Зауыттың өзінің оқу орталығы бар, онда теорияны меңгереміз және тәжірибе жинаймыз, – дейді Қасымхан Ғаббасов.
Өндірістің күнделікті талаптарын орындауда тәжірибелі мамандардың қолдауы да маңызды рөл атқарады.
– Барлық қиындықтарды бірге жеңеміз. Бұл – біздің күшіміз, – деп атап өтті кейіпкеріміз.

Аппаратшы-гидрометаллург ретінде оның басты міндеті – ең төмен энергия шығындарымен өнімнің жоғары сапасын қамтамасыз ету. Айтуынша, өнім сапасына әрбір қызметкер жауапты.
Металлург жас мамандарға қолдау көрсетуге әрқашан даяр. Өйткені, олар – біздің болашағымыз. Ең басты міндет – бұл қауіпсіздік техникасын сақтау.
– Мұнда сілтілер мен ерітінділер, айналмалы механизмдер бар. Өмір біреу ғана және ол кез келген нәрседен қымбат. Екіншіден бастамашыл болу керек. Үшіншіден – тәжірибелі мамандарды тыңдау және білімді барынша сіңіру, – дейді кейіпкеріміз.
Оның негізгі өмірлік принципі әділ болу және өз әрекеттері үшін әркез жауапкершілік таныта білу.
Қызметтен тыс уақытын кейіпкеріміз отбасына арнайды.
– Біз ауысымдық жұмыс кестесімен жұмыс істейміз, сондықтан кейбір мерекелерде басымыз қосылмай жатады. Сондықтан бос уақытты жақындарыммен өткізуге тырысамын. Кейде футбол ойнаймын. Жеңіл атлетиканы ұнатамын және үлкен қызыммен бассейнге жиі барамыз, – дейді ол.
Қасымхан Ғаббасовтың пікірінше, өндіріс адамға ең алдымен ұжымдық рухты үйретеді. Еңбексүйгіштік пен жауапкершілікке тәрбиелейді, жаңашылдықты батыл қабылдап, үнемі білім алуға ынталандырады.
Ол үшін зауыттағы жұмыс тек күнкөріс көзі емес. Бұл – тұрақтылық пен сенімді болашақ, уақытылы төленетін жалақы мен әлеуметтік қамсыздандыру, жақсы еңбек жағдайлары және ең бастысы, біріге білетін, шынайы көмекке дайын сүйікті ұжымы.
Қасымхан Ғаббасовтың оқиғасы – бұл тек бір маманның өмірбаяны емес. Бұл – заманауи қазақстандық өнеркәсіптің, оның технологиялық қуатының және ең бастысы – оны дамытуға белсенді үлес қосатын, мақсаты айқын адамдардың портреті.
Серіктестік материал