Павлодар облысындағы мектептерде борлы тақтаның дәуірі аяқталуға жақын
Соңғы жылдары мектептерде дәстүрлі тақталардың орнына сенсорлық панельдер орнату қарқын алып келеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы білім беру басқармасының Ақпараттық технологиялар орталығының басшысы Елнар Өтебаевтың айтуынша, жыл сайын компьютерлік техника мен интерактивті жабдықтар жаңартылып отырады.
– Соңғы уақытта мектеп тақталарының орнын біртіндеп басып келе жатқан сенсорлық панельдер кеңінен қолданысқа енуде. Олардың көмегімен толыққанды сабақ өткізуге, бейнематериалдар, фотосуреттер, презентациялар және басқа да оқу ресурстарын көрсетуге болады. Сонымен қатар, мұғалім сенсорлық бетте бұрынғыдай бормен тақтаға жазғандай жаза алады, – деді Елнар Өтебаев.
Мамандардың пікірінше, дәстүрлі тақталар біртіндеп тарих қойнауына кетіп барады. Заманауи интерактивті панельдер сабақтарды көрнекі әрі қызықты өткізуге мүмкіндік береді. Бұл құрылғылар оқу материалдарын тиімді ұсынуға, оқушылардың сабаққа деген қызығушылығын арттыруға және білім беру үдерісін жаңа деңгейге көтеруге ықпал етеді.
Оқытудың қосымша мүмкіндіктерін физика, химия, биология және басқа да жаратылыстану пәндері бойынша интерактивті 3D-модельдері бар арнайы білім беру бағдарламалық қамтамасыз етуі ұсынады. Мұғалімдер адам ағзасының құрылысын, химиялық реакцияларды немесе физикалық үдерістерді көлемді форматта көрсетіп, оларды экран арқылы тікелей басқара алады. Бұл күрделі тақырыптарды көрнекі түрде түсіндіруге және оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Мысалы, №47 мектепте барлық оқу кабинеттері тач-панельдермен толық жабдықталған. Сондай-ақ биыл пайдалануға берілген жаңа мектептерде әр сыныпқа осындай құрылғылар орнатылған.
Сенсорлық панельдердің бағасы шамамен бір-екі миллион теңге аралығында болғанымен, көптеген мектептер оларды кезең-кезеңімен сатып алуда. Мәселен, өткен жылы бірқатар білім беру ұйымдары үнемделген қаражат есебінен бірнеше панель сатып алған.
Цифрлық білім беруді дамыту мақсатында білім басқармасы қажетті жағдайлар жасауда. Ең алдымен бұл жоғары жылдамдықты интернетке қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған.
– Қазіргі уақытта «Starlink» пилоттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. Спутниктік байланысқа шалғай елді мекендерде орналасқан 75 ауыл мектебі қосылған. Сонымен қатар, «Қолжетімді интернет» бағдарламасы аясында ауылдар мен аудан орталықтарына талшықты-оптикалық байланыс желілері тартылуда. Соның нәтижесінде бүгінде облыстағы барлық мектеп жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етілген. Ауылдық жерлерде интернет жылдамдығы талшықты-оптикалық желі арқылы секундына 20 мегабитке дейін, ал «Starlink» арқылы 150 мегабитке дейін жетеді. Қалалық мектептерде бұл көрсеткіш 100-ден 200 мегабитке дейінгі аралықты құрайды, – деді Елнар Өтебаев.
Еске сала кетейік, 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап Павлодар облысының бірқатар мектебінде жасанды интеллект пәні оқытыла бастайды. Алғашқы кезеңде жаңа пән бес ауылдық мектепте оқытылады. Аталған мектептердің 4-сынып оқушылары үшін арнайы оқу бағдарламалары мен курстар әзірленді.