Павлодарда еріктілер Усолка өзенінің жағасынан қоқыс жинады

Павлодарда еріктілер Усолка өзенінің жағасынан қоқыс жинады
Фото: Жастар бастамаларын дамыту орталығы

Экологиялық акцияға колледж студенттері мен волонтерлік қозғалыстардың өкілдері қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодарда «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында «Taza Start» экологиялық акциясы өтті. Еріктілер Усолка шағын ауданындағы өзен жайылмасын тұрмыстық қоқыстан тазартты.

Жастар бастамаларын дамыту орталығы жанындағы Волонтерлік орталық пен Павлодар облысының волонтерлер өңірлік фронт-офисінің мәліметінше, акцияға 56 адам қатысты. Олардың арасында Павлодар монтаж колледжі, Павлодар мұнай-газ колледжі, Toraighyrov University-дің «LaVie Добро» волонтерлік қозғалысы және әлеуметтік-волонтерлік желі өкілдері болды. 

Қатысушылар жағалауды тазалау барысында шамамен он қап тұрмыстық қоқыс жинады.

– Мұндай акциялар арқылы жастарға тазалықты сақтау тек коммуналдық қызметтердің міндеті емес екенін көрсеткіміз келеді. Қоршаған ортаға жауапкершілік күнделікті қарапайым әрекеттерден басталады, – деді Волонтерлік орталық пен Павлодар облысының волонтерлер өңірлік фронт-офисінің жетекшісі Тамирис Бесеенова.

«Taza Start» акциясының мақсаты – экологиялық волонтерлікті дамыту, тұрғындардың табиғатқа жауапкершілікпен қарауын қалыптастыру және жастарды қоғамдық пайдалы жұмыстарға тарту. Жоба аясында қалдықтарды жинау және сұрыптау, экологиялық әдеттерді қалыптастыру мәселелеріне де назар аударылады. 

Ұйымдастырушылар мұндай шаралар арқылы жастарды қаланы абаттандыруға және қоғамдық кеңістіктердің тазалығын сақтауға белсенді қатыстыруды көздейді.