Павлодар облысының үш ауданында шағымдар көбейген

Павлодар облысының үш ауданында шағымдар көбейген
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Бұл – Ақтоғай, Тереңкөл және Шарбақты аудандары, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиналыста аймақ басшысы Асайын Байханов мәлім етті. 

– Соңғы екі айда аталған аудандарда сауалдар мен шағымдар саны артқан. Түскен шағымдарды іріктеу керек. Әрине, оның ішінде жүйелі мәселелер бар. Мысалы, жол, абаттандыру, жарықтандыру, ауызсумен қамтамасыз ету. Соларды  деңгейі бойынша  іріктеп алу қажет, халықты алаңдататын сұрақтарды бірінші кезекте шешу үшін қаражат табамыз. Ал енді ұсақ сұрақтарға демеушілерді тарту керек. Облыста, аудандарда жомарт жүректі азаматтар жеткілікті, – деді облыс әкімі Асайын Байханов. 

Ақтоғай ауданының әкімі Қаршыға Арынов өтініштер санының артуы тез шешуді қажет ететін өзекті мәселелермен байланысты екенін атап өтті. Атап айтқанда, абаттандыру, шатырды жөндеу, сумен қамтамасыз ету және ауылішілік жолдарды жөндеу.

– Бұл бағытта белсенді жұмыс жасалуда, бірақ барлық мәселелер бірден шешімін таппайды. Ол үшін қаражат қажет, – деді аудан әкімі. 

Тереңкөл ауданының әкімі Азамат Маңғұтовтың айтуынша, өтініштер бойынша тұрақты негізде мониторинг жүргізіледі.  Жыл басынан бері аудан басшысы 77 адамды жеке қабылдаған. 

Шарбақты ауданының әкімі Сержан Иманқұлов та аудан тұрғындарын толғандыратын мәселелерге нақты талдаулар жасалып, уақытылы қарастырылатынын жеткізді. Бұл өтініштердің барлығын мемлекеттік органдар заң аясында қарастырып, толық ақпараттар жолдауда. Тұрғындармен тікелей нақты жұмыстар жүргізілуде.  

– Әкімдердің жұмысы жан-жақты болып табылады. Біздің жауапкершілігімізге кірмейтін сұрақтар жоқ деп айтуға болады. Сондықтан жеке шағымдар мен басқа да сауалдар түсетін болса, назарда ұстау керек, – деді Асайын Байханов. 

Облыс әкімі азаматтарды жеке қабылдау бойынша Железин және Павлодар аудандарында жеке қабылдау саны өте төмен екеніне назар аударып, бұл бағытта жұмысты күшейтуді тапсырды.