Павлодар облысының бас құтқарушысы зейнетке шықты
Басқармада оның міндетін уақытша атқарушы тағайындалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысының Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы болып азаматтық қорғау полковнигі Рустамбек Амрин тағайындалды. Ол бұрын ТЖМ төтенше жағдайлардың алдын алу департаментінің бастығы қызметін атқарған.
Ұжымға жаңа басшыны ТЖМ Аппарат басшысының міндетін атқарушы азаматтық қорғау полковнигі Ерғали Бахаев таныстырды. Рустамбек Амрин 1980 жылы 14 қаңтарда Рессей Федерациясының Омбы қаласында дүниеге келген. 2000 жылы Ресей ІІМ Мемлекеттік өртке қарсы қызмет академиясының Екатеринбург филиалын, 2009 жылы Қазақстан Республикасы ТЖМ Көкшетау техникалық институтын бітірді.
Азаматтық қорғау органдарындағы еңбек жолын 1997 жылдан бастап өрт сөндіру бөлімінің жеке бекетінің профилактикалық құрамы тобының инспекторы, өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы қызметінен бастады. Әр жылдары өрт сөндіру бөлімінің аға инженері, бастықтың орынбасары, бастығы, Күштер мен құралдарды жедел басқару орталығының өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары бөлім бастығы, басқармасының бастығы, ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі бастығының орынбасары, Төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы, Дағдарыс жағдайларында басқару орталығының бастығы лауазымдарында қызмет атқарды.
Облыстық ТЖ департаментінің қазіргі экс-басшысы Жасұлан Жұмашев зейнеткерлікке шығуына байланыста қызметінен кетті. ҚР ТЖМ аппараты басшысының міндетін атқарушы азаматтық қорғау полковнигі Ерғали Бахаев, облыс әкімі аппаратының басшысы Дидар Ибраев және ТЖД жеке құрамы Жасұлан Жұмашевты құрмет демалысына шығуымен құттықтады.
Жасұлан Жұмашев Отанға 38 жыл, оның ішінде 20 жыл елдің азаматтық қорғау органдарында қызмет етті.
– Ол офицерлер құрамымен өзінің жылдар бойғы тәжірибесімен, дағдыларымен және білімімен бөлісті, өз ісінің маманы және сауатты басшы болды, соңынан білікті мамандарды қалдырды. Әріптестері мен басшыларының арасында үлкен құрметке ие, – дейді ТЖД баспасөз орталығында.
Салтанатты іс-шара соңында генерал-майор Жасұлан Жұмашев жауынгерлік тумен қоштасты.