Павлодарлық автосалон көліктің бөлшегін кепілдік арқылы жөндеуден бас тартты
Мәселе тиісті департаментте шешімін тапты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Павлодар облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Дәулен Қабдушев мәлім етті.
– Тұтынушы қала автосалондарының бірінен көлік сатып алған. Бұл уақытта сатып алушының кепілдігі бар болатын. Біршама уақыттан кейін оның көлігіндегі климаттық бақылау жүйесінде ақау байқалған. Ол бірнеше мәрте диллерге жүгініп, ақауды реттемек болған. Алайда тұтынушыны автосалон қызметкерлері жасаған жөндеулер қанағаттандырмаған,– дейді Дәулен Қабдушев.
Бұл оқиғадан кейін тұтынушы сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінген. Департаменттің ескертуінен кейін автосалон қызметкерлері климаттық бақылау жүйесін толығымен ауыстырып, тұтынушының талаптарын орындады.
Еске сала кетейік, ағымдағы жылы кәсіпкер сауда үстемесін көтергені үшін жазаланған болатын. Ол бір жыл ішінде құқықбұзушылықты қайталағаны үшін жауапқа тартылды. Оған 300 АЕК айыппұл салынды. Бүгінгі таңда бұл айыппұл көлемі 1 миллион жүз мың теңгеден астам қаражатты құрайды.