Павлодар облысының тұрғыны қаз шаруашылығын дөңгелетуде
Бұл әлеуметтік кәсіпкердің үлкен мақсаттарының бірі болатын, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Железин ауданы Кузьмино ауылының тұрғыны Дүйсенбай Ишанов 2024 жылы «Бастау бизнес» жобасы аясында арнайы оқудан өтіп, кейін өзінің бизнес жобасын сәтті қорғап, қайтарымсыз грантқа қол жеткізеді.
Жас кәсіпкер 2-топтағы мүмкіндігі шектеулі жан болса да, идеясын жүзеге асыру үшін мемлекеттен 400 АЕК мөлшерінде мемлекеттік грант, яғни 1 миллион 400 мың теңгеден астам қаржыға қол жеткізді. Оған қаз сатып алған Дүйсембай Шаймұратұлы Кузьмино ауылында өз кәсібін табысты дамытып, тұрғындарды сапалы өніммен қамтамасыз етіп, ауыл кәсіпкерлігінің дамуына үлес қосып келеді.
- Мен берілген қаржыға қаз сатып алдым. Қазіргі таңда шаруашылығым алға басып, кәсібімнің нәсібін жеп отырмыз. Бизнес-идеямды жүзеге асыруға мүмкіндік бергені үшін Железин ауданының «Мансап» орталығына алғысымды білдіремін. Бұл – бастаушы кәсіпкерлер үшін үлкен қолдау, - дейді Дүйсембай Ишанов.
Жобаның жүзеге асуы әлеуметтік кәсіпкер үшін қаржылық тұрақтылыққа жетудегі маңызды қадам болды әрі мемлекеттік қолдау шаралары ауыл тұрғындарына өз ісін ашып, оны табысты дамытуға ықпал ететіні нақты мысал болып отыр.
«Бастау Бизнес» жобасы азаматтарға кәсіпкерлік негіздері бойынша оқудан өтуге, бизнес-жоспар әзірлеуге және өз идеяларын жүзеге асыру үшін мемлекеттік грант алуға мүмкіндік береді.
Айта кетелік, бүгінгі таңда Железин ауданында аталмыш бағдарлама арқылы қайтарымсыз грантқа қол жеткізіп, өзінің кәсібін бастаған 5 кәсіпкер бар.