Павлодар облысының тағы бір тумасы Президенттік жастар кадр резервіне қабылданды
Енді екі павлодарлық резервте үш жыл болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің хабарлауынша, Президенттік жастар кадр резервіне Ұлттық комиссияның шешімімен 50 адам өтті. Олардың қатарында ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының түлегі Ілияс Шақатов бар. 26 жастағы Павлодар қаласының тұрғыны облыс әкімі аппаратының әлеуметтік мәселелер бөлімінің бас маманы болып жұмыс істейді.
Президенттік жастар кадр резервіне қабылданған азаматтар саяси лауазымдарға, «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына, «Б» корпусының басшылық лауазымдарына тағайындалуы мүмкін.
Еске сала кетейік, Қазақстан Республикасы Президенттік жастар кадр резервіне Павлодар облысының тумасы Фарида Төлеубаева қабылданды. Ол Қытайдың Шанхай қаласындағы Шығыс Қытай педагогикалық университетінде қытай тілі факультетінің «Ең үздік студенті» атанған болатын.