Павлодар өңірінде жарық толықтай қалпына келтірілді
Боран мен нашар көріну мамандардың жұмысын айтарлықтай қиындатты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
11 ақпан күні «Павлодар ЭТК» АҚ-ның 32 адамынан құралған 12 жедел бригадасы мен 12 бірлік техникасы электр желілеріндегі ақауларды жоюға тартылды. Апатты жағдайларға екпінді дауыл мен соққан боран себеп болған еді. Барлық анықталған технологиялық бұзушылықтар бір тәулік ішінде жедел түрде жөнделді.
Өңірдің шалғай аудандарындағы ақаулы жерлерге энергетиктер арнайы техниканың көмегімен жетті.
Осылайша, «Павлодар ЭТК» АҚ өндірістік-жөндеу кәсіпорнының жоғары вольтты желілер қызметінің бригадасы «Маралды» қосалқы станциясынан «Атамекен» қосалқы станциясына дейінгі учаскеде №121 және №122 110 кВ желілерін аралап, электр желілері бойындағы қарды тазартты.
Технологиялық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған жедел жұмыстар қысқа мерзімде Павлодар облысының барлық аудандарында жүргізілді. 12 ақпан таңғы уақытқа қарай барлық ақаулар толықтай жойылып, облыстың барлық елді мекендеріне электр жарығы берілді.