Павлодар облысының жастарына құқықтары мен қорғану жолдары түсіндірілді
«Зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» акциясы аясында жастармен кездесу ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Іс-шара Respublica партиясы жанындағы ReWomen әйелдер қауымдастығы өкілдерінің, сондай-ақ «Әжелер мектебінің» қатысуымен өтті. Кездесу спикерлері оқушылармен ашық және мазмұнды диалог жүргізіп, отбасындағы бейбітшілік пен өзара түсіністікті сақтаудың, ата-аналарға, аға ұрпаққа және айналасындағыларға құрметпен қараудың маңыздылығын талқылады.
- Жиынға қатысушыларға республикалық акцияның мақсаттары мен міндеттері түсіндірілді. Әсіресе, отбасылық - тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, кәмелетке толмағандардың құқықтары және қиын өмірлік жағдайларда көмекке уақытылы жүгіну қажеттілігі туралы айтылды, - дейді Ақсу қаласының отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес тобының аға инспекторы Аруна Қалиева.
«Әжелер мектебі» мен ReWomen әйелдер қауымдастығының өкілдері отбасылық тәрбиенің, рухани-адамгершілік құндылықтардың, мейірімділіктің, отбасындағы өзара құрмет пен қолдаудың маңыздылығын атап өтіп, оқушылармен өмірлік тәжірибелерімен бөлісті.
Шара соңында қатысушылар жастарды жауапкершілікке, толеранттылыққа, отбасылық дәстүрлерді құрметтеуге және зорлық-зомбылықсыз қоғамды қалыптастыруға тәрбиелейтін осындай кездесулер өткізудің маңыздылығын атап өтті.