Ақсу қаласында көп қабатты тұрғын үйден өрт шықты
Бес бала орташа уланумен ауруханаға жатқызылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, өрт туралы 101 нөміріне бүгін, яғни 9 ақпан күні сағат 17:55-те Ақсу қаласы, Астана көшесінде орналасқан үйлердің бірінде өрт шыққаны жайында хабарлама келіп түсті.
Оқиға орнына Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаментінің «ӨС және ЖҚ ҚЖ» ММ күштік құрылымы жіберілді.
Өрт сөндірушілер 5 қабатты тұрғын үйдің 1-ші қабатындағы 2 бөлмелі пәтердің жатын бөлмесінде пайдалануға қажетті заттар мен жиһаздардың жанып жатқанын анықтады. Жалын жалпы көлемі 12 шаршы метр жерді шарпыған.
- Оқиға орнынан 7 адам эвакуацияланды. Ал Ақсу қаласындағы орталық ауруханға жедел жәрдем бригадасы 3 ересек және 6 баланы жеткізді. Кейін 5 бала орташа уланумен ауруханаға жатқызылды,- делінген хабарламда.
Тілсіз жау сағат 18:20 оқшауланып, сағат 18:44- те толықтай сөндірілді. Жалынды ауыздықтауға Павлодар облысы ТЖ департаментінің 8 техникасы мен 16 қызметкері тартылды.
Өрттің шығу себебі анықталуда.