Павлодар облысының 12 ауданында жатаған укекіреге байланысты карантин жарияланды
Қауіпті арамшөп егінді құртады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық мемлекеттік әкімшілік Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің облыстық аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Арман Шүйкенов мәлім етті.
– Биыл 12 ауданның 62 ауылдық округінде жатаған укекіре бойынша карантиндік аймақтар жарияланды. Бұл мемлекеттік қор мен шаруа қожалықтарындағы 62 мың гектарды құрайды. Зардап шеккен аймақтар қоршалады. Үш жыл бойы химиялық өңдеу жүргізіледі, – дейді Арман Шүйкенов.
Оның айтуынша, анықталған ошақтарды, химиялық өңдеулерді ескере отырып, 2023 жылы жатаған укекіреге қарсы өңдеу жүргізу алқабы 696,89 гектардф құрайды. Оның ішінде 422,82 гектар - мемлекеттік қор жері, 270,36 гектар – ауылшаруашылық субъектілерінің жерлері, 3,71 гектар – басқа жер телімдері.
Мемлекеттік босалқы жерлер республикалық бюджет қаражаты есебінен өңделеді. Сондай-ақ, арамсояуға қарсы 3,886 гектар, қарағайдың қара мұртты қоңызына қарсы 30 га өңдеу жұмыстары жоспарланған.
Жатаған укекіре – атпа тамырлы көпжылдық өсімдік, гемикриптофит.
Укекіре шілде-тамыз айларында гүлдейді. Тамырлары жазғы қуаңшылық кезінде топырақ құрғап кеткенде және жазғы жоғарғы температурада да тіршілікке қабілеттілігін жоймайды.
Укекіренің зияндылығы аса жоғары: ол егістікті ластайды, барлық дақылдардың, жайылымның өнімділігін кемітеді, мал азығының сапасы төмендейді, ал жануар укекіре жесе сүттің дәмі қышқылданады. Укекіре өсімдігінің көптеген жануарларға, әсіресе жылқы мен түйеге улы әсері бар. Алайда оны қой мен ешкі жақсы жейді. Укекіре өсімдігімен жануарлардың улануы көбіне оның шанақтану кезеңінде байқалады. Арамшөп зияндылық тарабының бірі – тамыр жүйесі тарамдалып, жайылып өсетіндіктен топырақ өңдеуді күрделендіріп, агротехникалық шаралар шығынын арттырады.