Павлодар облысының ТЖД қызметкерлері арасында Түркия еліне көмекке шыққандар жоқ

Павлодар облысының ТЖД қызметкерлері арасында  Түркия еліне көмекке шыққандар жоқ
ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми парақшасы

Құтқарушылардың «Халықаралық санаттағы құтқарушы» сертификатының болмауына байланысты көршілес елге көмекке жіберілмеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, генерал-майор Жасұлан Жұмашевтің мәліметінше, Түркия елінде орын алған апатқа байланысты көмекке медициналық апаттар орталығы мен  Алматы қаласының республикалық жедел құтқару жасағының  мамандары аттанды.

– Мұндай құтқару операцияларына қатысу үшін құтқарушыларда   «Халықаралық санаттағы құтқарушы» сертификаты болу керек. Біздің облыста мұндай санаттағы қызметкерлер жоқ. Бізде тек республикалық және облыстық дәрежедегі құтқарушылар бар, – деді Жасұлан Жұмашев.

Спикердің сөзінше, облыстық ТЖД қызметкерлерін халықаралық деңгейде аттестациялауға кезек келмеген.

Айта кетейік,  құтқарушыларды аттестаттау және қайта аттестациялау ережесіне сәйкес «Халықаралық дәрежедегі құтқарушы» атағы «жақсы» бағадан төмен емес дене дайындығы бойынша шекті нәтижелер көрсеткен және ағылшын тілі курстары туралы сертификаты бар 1-санаттағы маманға беріледі.