Павлодарлық полицей аязда түні бойы көлік күзетті

Павлодарлық полицей аязда түні бойы көлік күзетті
Фото: Константин Шелков

Көліктің дизелі қатып қалған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Успен ауданының учаскелік инспекторы Олжас Есжановтың ұялы телефонына ауыл тұрғыны қоңырау шалып, Павлодар - Ресей Федерациясы автожолындағы Ковалев ауылының шетінде «МАН» маркалы жүк көлігі бұзылғанын хабарлаған.  

Тәртіп сақшысы оқиға туралы дереу полиция бөліміне хабарлап, ауыл әкімімен бірге оқиға орнына барған. 

– Келгеннен кейін көлікті қарап шықтым. Жүргізуші Дилшод Исмаилов Өзбекстан Республикасынан көрші мемлекетке бет алған екен. Қатты аяздың салдарынан дизель отыны қатып қалған, – дейді полиция майоры Олжас Есжанов.

Ауылдық округ әкімі жүргізушіні Ковалев ауылының жылыту пунктіне апарған, ал полиция қызметкері басқа көліктер  жүк көлігіне соғылмауы және жүк ұрлығының алдын алу үшін автокөліктің жанында кезекшілікте қалған. 

Айта кетейік, Олжас Есжанов ішкі істер органдарында 16 жылдан астам қызмет етіп келеді. Соңғы төрт жыл бойы учаскелік полиция қызметкері Қозыкеткен ауылдық округінің екі ауылына қызмет көрсетуде.