Павлодар облысының тұрғындары ауылдардың жаңғыруына қалай үлес қоса алады?
Халық саны мың адамнан аз кейбір елді мекендер «Ауыл-ел бесігі» жобасына кіре алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Павлодар облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Дамир Тюлюбаев мәлім етті.
– Ауылдық елді мекендерді таңдау кезінде біз өңірлік стандарттар жүйесін басшылыққа аламыз. Павлодар облысы жалпы республикалық даму деңгейі бойынша 66,3%-ды құрап отыр. Алайда, бірқатар аудан бойынша көрсеткіш төмен болып тұр: Баянауыл –53%, Тереңкөл – 62%, Екібастұз – 62,3%, Железин – 63,2%, Ақсу – 63,4%,– деді Дамир Тюлюбаев.
Оның сөзінше, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасына елді мекендер белгілі бір критерийлер бойынша іріктеледі.
– Ауылдың даму динамикасы, халықтың өсімі, мектеп оқушыларының санына баға беріледі. Егер елді мекеннің перспективасы байқалмаса, онда оның экономикаға әсері болмайды,– деп атап өтті спикер.
Ал жылдан жылға көркейіп, дамып жатқан ауылдардың тұрғындары жобаға өздерінің үлесін қоса алады.
– Аудан әкімдері халықпен көшпелі кездесу өткізіп, ұсыныстарды жинайды. Қала мен аудан әкімдіктері жаңғыртуды талап ететін ауылдар бойынша жобаларды дайындайды. Кейіннен өтінімдер Ұлттық экономика министрлігіне жолданады. Біз тиісінше барынша көп өтінімді жібереміз, алайда олар толық көлемде қолдауын таппайды,– деді Дамир Тюлюбаев.
Биыл жүзеге асатын жобалардың ең көп саны бойынша Ақсу қаласының ауылдық аймақтары көш бастап тұр – 5 дене шынықтыру сауықтыру кешені. Ал, Екібастұз қаласы бойынша өтінімдер аз түсуде.
– Қандай да бір ауылдың жобаға ену мүмкіндігі жергілікті әкімдіктердің қарқынды жұмысымен тығыз байланысты. Мысалы, 2022 жылы Әбжан ауылында халықтың саны – 196, Ақсаң ауылында тұрғындардың саны – 370, ал Береговое ауылында – 247 болса да, олар жобаға еніп, жаңғыртудан өтті,– деді ол.
Яғни, аталмыш елді мекендер ауылда халықтың саны мың адам болу керек деген талапқа сай болмаса да, басқа критерий бойынша іріктелді. Үш ауылда өмір сүруге қолайлы жағдайлар болмаған еді.