Баянауыл ауданының тұрғындары ауылға электрик сұрады
Аудан әкімі Ұзынбұлақ ауылдық округінде халықпен кездесуді өткізді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Баянауыл ауданы әкімдігінің хабарлауынша, аудан әкімі Ардақ Кісентаев Ұзынбұлақ ауылдық округінде халықпен тұрақты кездесуін өткізді. Жалпы ауданда 43 жоба жүзеге асырылуда. Ұзынбұлақ ауылдық округінде Теңдік - Ұзынбұлақ автожолының 30-41 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары басталды. Абаттандыру жұмыстарын жүргізу үшін қаржы бөлінді. Ақши ауылында спорт залын салу бойынша мемлекеттік сатып алу өткізіліп, мердігер анықталды. Ақши ауылында клуб салу үшін ЖСҚ әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға тапсырылды.
– Жиында жергілікті тұрғындар сауалдарын қойды. Тұрғындардың сұранысы - ауылға электрик маманы. Сонымен қатар, Ақши-Ұзынбұлақ жолына жөндеу жұмыстары жасалса, дейді олар. Аталмыш жолға жөндеу жұмыстарын жасау үшін жоба жасалуда. 2024 жылға бюджеттік өтінім беріледі, – деп жазды аудан әкімі.
Ардақ Кісентаев халықпен кездесуден соң әлеуметтік нысандарды аралады. Мектептің ағымдағы жөндеу жұмыстарының сапасы нашарлығын байқап, кемшіліктерді жоюды тапсырды.