Павлодар облысында суқұзғындардың популяциясын реттеудің жаңа тәсілі қолданылады

Павлодар облысында суқұзғындардың популяциясын реттеудің жаңа тәсілі қолданылады
Фото: pixabay.com/terski

Мамандар барынша зиянсыз әдістерді енгізбек, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы мамандарының деректеріне сәйкес, Ертіс бойындағы суқұзғындардың саны 2024 жылға қарай 15 мыңға жеткен.

Әрбір құс тәулігіне 150–400 грамм балық жейтінін ескерсек, жалпы тәуліктік шығын бес тоннаға дейін жеткен. Бұл жағдай балық қорының азаюына айтарлықтай қысым жасап, паразиттік аурулардың таралуына ықпал еткен.

Облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы Жасұлан Жұмашевтың айтуынша, соңғы екі жылда ғылыми ұйымдар популяцияны реттеу бойынша шараларды ұсынған. Өткен жылы шектеу 3026 бас болып белгіленген, ал жүргізілген іс-шаралардың нәтижесінде есептік сан 3415-ке жеткен.

– Биыл шектеулі реттеу көзделіп отыр, яғни, 680 басқа дейін. Негізгі назар зиянсыз әдістерге аударылады, оның ішінде жұмыртқаларды өңдеу тәсілі бар. Басқаша айтқанда, жұмыртқаларды арнайы затпен, көбіне маймен өңдеу. Бұл әдіс жұмыртқаның ішіне ауа кіргізбейді, нәтижесінде эмбрион дамымай қалады да, балапан шықпайды, – деді Жасұлан Жұмашев.

Мамандар ұяларды бұзудың тиімсіз екенін атап өтті. Себебі ол құстардың басқа жерге қоныстануына және жаңа колониялардың пайда болуына әкеледі. Қазіргі таңда ең тиімді стратегия – бақылауды күшейте отырып, қалыпты реттеу.

2026 жылы негізгі жұмыс мамырдан қарашаға дейінгі кезеңде жүргізіледі. Ал құстарды ату тек ғылыми мақсатта, яғни, популяцияның жағдайын бағалау үшін қолданылады.

Торайғыров университеті биология кафедрасының қауымдастырылған профессоры,  PhD докторы Зарина Серғaзинованың айтуынша, Павлодар облысындағы суқұзғындардың санын реттеуді кешенді қарастыру қажет.

– Суқұзғындардың балық қорына жергілікті әсері бар болғанымен, негізгі факторлар – антропогендік ықпалдар. Дегенмен, кейбір жағдайларда суқұзғындар Ертістің жекелеген учаскелерінде, яғни балық ресурстары шоғырланған жерлерде қауіп факторы бола алады. Жыртқыштар санын реттеу кезінде шектеу белгілеу кезінде популяцияның саны мен таралу ерекшеліктері ескеріледі, сондықтан белгіленген шектеулерді бекітуге негіз бар, – деді профессор.

Ғалымдар бұл мәселе бойынша бірнеше жылдан бері дабыл қағып келеді және оған халықаралық деңгейде мән берілу керектігін алға тартуда.Жақында Ертістегі балық ресурстарының биоалуантүрлілігін сақтау мәселесі облыстық қоғамдық кеңесте көтерілді.