Павлодар облысында жыл басынан бері үш мыңға жуық бала дүние есігін ашты

Биылғы жылы азаматтық хал актілерінің тіркелуі бойынша сәуір айы көш бастап тұр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы 2025 жылдың қаңтар-мамыр айларындағы тіркелген некелер мен дүниеге келген сәбилер саны бойынша еліміздің үздік бес өңірінің көрсеткішін ұсынды.
Жылдың алғашқы төрт айында Қазақстанда 144 мыңнан астам сәби дүниеге келіп, 36 мыңнан астам жұп некеге тұрған. Туу туралы тіркеулер көрсеткішінің алғашқы бестігіне 17 643 нәресте дүниеге келген Түркістан облысы, кейін Алматы, Астана қалалары және Алматы облысы мен Шымкент қаласы кіреді.
Тіркелген некелер саны бойынша алғашқы бестікке 5 731 неке қиылған Алматы қаласы, кейін одан біраз аз Астана қаласы, Түркістан облысы, Алматы облысы Шымкент қаласы кіреді.
– Павлодар облысы үздіктер қатарынан табылмаса да, жыл басынан бері өңірімізде 1348 отбасы неке тіркеген. Ал, 1 қаңтардан бастап 2849 бала дүние есігін ашты, – деді ХҚКО Павлодар облыстық филиалында.
Ресми мәліметтерге сәйкес, жыл басынан бері азаматтық хал актілерінің тіркелуі бойынша сәуір айы көш бастап тұр. Тіркеу бөлімдері бұл айда 37 812 туу туралы және 10 190 неке туралы куәлік берген.