Павлодар облысының әкімі кітап таңдау эстафетасына қатысты
Өңір басшысы бастаманы қолдап, қазақстандықтарға павлодарлық жазушының романын оқуға кеңес берді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Эстафетаны Асайын Байхановқа Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай жолдаған. Ол оқырмандарға Әбіш Кекілбайұлының «Аңыздың ақыры» романын оқуға кеңес берген. Өз кезегінде Павлодар облысының әкімі әріптесінің жолдауын қуана қабыл алып, ел тұрғындарына Рамазан Тоқтаровтың «Абайдың жұмбағы» романын ұсынды.
Өңір басшысының айтуынша, жазушы – Павлодар өңірінің тумасы. Бұл шығарма үшін Рамазан Тоқтаров Қазақстан Республикасының мемлекеттік сыйлығына ие болған. Сонымен қатар, өткен жылы қаламгердің 90 жылдық мерейтойы қарсаңында қала көшелерінің біріне оның есімі берілді.
Асайын Байханов Қасым-Жомарт Тоқаевтың оқудың интеллектуалды ұлт қалыптастырудағы маңызын бірнеше рет атап өткенін алға тартты.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тек кітап оқитын ұлт қана зияткер ұлтқа айналатынын атап өтті, – деді облыс әкімі.
Павлодар өңірінің басшысы кітап таңдау эстафетасын Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровқа жолдады.
Айта кетейік, челлендж Хабар арнасындағы «Оян» таңғы бағдарламасы аясында өтуде. Оның шарты бойынша әр жұма сайын эфирде облыс әкімдері ұсынған кітаптардан көрермендерге сұрақтар қойылады. Көрермендер жауаптарын «Оян» бағдарламасының ресми парақшасындағы арнайы жазба астына қалдыра алады. Сұраққа бірінші болып дұрыс жауап берген көрермен Iphone 17 смартфонын ұтып алады.
Еске сала кетейік, 16 мамырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Оқу мәдениетін дамыту және оқитын ұлт қалыптастыру шаралары туралы» Жарлыққа қол қойған болатын. Құжат интеллектуалдық әлеуетті арттыруға, отандық авторларды қолдауға және елдегі кітапхана желісін жаңғыртуға бағытталған.
Өңірде кітапханаларды жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Жуырда зағип жандарға арналған қалалық кітапхана ауқымды қайта жаңғыртудан өтті. Нәтижесінде ғимаратқа екінші қабат қосылып, кеңістік айтарлықтай ұлғайды, ал кітапхананың өзі заманауи әрі келушілерге ыңғайлы бола түсті.
Қазір мұнда оқырмандарға қызмет көрсетудің жаңа технологиялары енгізілген: электронды оқырман билеттері, кітап беруге арналған заманауи құрылғылар және жаңартылған компьютерлік техника қолданылады. Стационарлық компьютерлердің орнына арнайы бағдарламалар орнатылған ноутбуктер пайдаланылуда.
Сондай-ақ көзі көрмейтін оқырмандардың қолжетімділігіне ерекше көңіл бөлінген. Кітапханада мәтінді Брайль қарпіне аударып, бірден басып шығаратын арнайы принтер орнатылған. Ал көру қабілеті бұзылған жандарды компьютерлік сауаттылыққа үйрету үшін арнайы дисплей қарастырылған.