Павлодарда жастардың тұрғын үйге қалай қол жеткізуге болатынын мамандар түсіндірді
Бүгін жастар бастамаларын дамыту орталығында тұрғын үй мәселелері жөнінде диалог алаңы ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Шараға екінші деңгейдегі банктердің өкілдері мен жылжымайтын мүлік агенттіктерінің және «Тұрғын үй қатынастары бөлімі» ММ спикерлер қатысып, жастарға баспаналы болудың жолдарын көрсетті.
Мәселен, баспаналы болуда құжат жинап, әр есікке бір баруды қажет етпейтін, бастысы өз тұтынушыларына қолайлы жағдай жасап отырмыз деген Freedom bank-тің өкілі Руслан Садуақасов цифрлы ипотека туралы баяндап берді.
- Цифрлы ипотеканың артықшылығы мұнда бәрі онлайн. Банкке келудің, құжат жинап ары-бері жүрудің қажеті жоқ. Тіпті, неси рәсімлеу кезінде ешқандай құжатқа қол қоймайсыз. Бұл қызметтің барлығын электронды қолтаңба арқылы іске асырасыз. Біздің банкте ипотекамен тұрғын үй алуға болатын 3 бағдарлама бар. Оның бірі - цифрлық ипотека. Яғни "7-20-25" бағдарламасы. Бұл бағдарламаға 21 жастан бастап, 68 жасқа дейінгі кез келген тұрғын қатыса алады, - деді ол.
Русланның айтуынша, цифрлы ипотека бағдарламасында өтінішті мақұлдауға небары 3 минут уақыт кетсе, бағалауға 5 минут,ал құжаттарды рәсімдеуге бар-жоғы 1 күн уақыт қажет.
Дәл осылай өзге екінші деңгейлі банк өкілдері де өздерінде берілетін тиімді ипотекалық бағдарламалар жөнінде кеңінен ақпарат берді.
Бұдан бөлек, шараға қатысушылар тұрғын үй кезегіне қатысты, депозиттік шот ашу туралы сұрақтарына жауап алды.